Сотта жанжалға себеп болған айыпталушыдан жауап алынды
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM – Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Сотта айыпталушы Дархан Әскентайдан жауап алынды. Адвокаттың сұрағына жауап берген ол алғашқы тергеу кезіндегі жауаптарымен келіспейтінін айтты. Оның айтуынша, сол кезде оған қысым көрсетілген және дұрыс жауап бере алмаған.
Әрі қарай айыпталушы «Қамажай» дүкеніне қашан және не мақсатта барғанын түсіндірді.
— Сол күні сағат 23:00 шамасында досымның көлігінен түсіп, «Қамажай» дүкеніне кірдім. Онда 3 сыра алдым, сол жерде Қаржаубаймен таныстым. Мың теңге Kaspi-мен, мың теңге қолма-қол ақша бердім. 500 теңгені өзіме қайтарды. Дүкенге екінші рет келіп, телефонды қуаттағышқа қоюды өтіндім, — деді айыпталушы.
Дархан Әскентайдан осы кезде Шерзатпен өзара қандай кикілжің болғанын да түсіндіріп өтті. Сонымен қатар оқиға орнына телефонмен хабарласып кімді шақырғанын айтты.
— Мен сол күні телефонды беріп өтінгеннен кейін далаға шығып, сыраны енді ішейін деп тұрғанмын. Сол сәтте телефонымның музыкасы ойнады, соны алуға дүкенге кіріп бара жатқан кезде Қаржаубай телефонды Шерзатқа берді. Маған Шерзат телефонды берді, мен алып сөйлестім. Сосын телефон қарап тұрған кезде Шерзат «сен әкеме бірдеңе дедің ба, не дегің келіп тұр» деп ашуланды. Мен оған «жүр әкеңнен сұрайық, мен оған ештеңе демедім» деп түсіндіріп жаттым. Қарасам қолында кастет тұр екен, алды да оң көзімнен ұрып жіберді. Сол жерде бетімді ұстап тұрып қалдым. Сол сәтте Қаржаубай шықты, су алып, бетімді жуды. Сол кезде Қаржаубай Шерзатқа «не үшін ұрасың» деп айқайлап жатты. Екі бөтелке сырамды алдым да, көзім көрмей, жағдайым нашарлағаннан кейін Нұрбол досыма хабарластым. «Мені біреулер ұрып кетті, алып кете аласың ба» деп өтіндім. Ол келетінін айтты, — деді ол.
Дархан Әскентай Шерзаттың анасына балағат сөз айтқанын жоққа шығарды.
— Мен Шерзаттың анасына балағат сөз айтпадым. Оған анасынан боқтайтындай мен 2018 жылы анамнан көз алдымда айырылғанмын. Бір жағы жағдайым да, денсаулығымда жоқ, — деді ол.
Сондай-ақ сотталушының айтуынша, марқұм Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов оған ешқандай көмек ұсынбаған.
— Қаржаубай «ақшаңды берем, ешкімді шақырма, ұрма, соқпа» деген әңгіме болған жоқ. Досым (Н.Тоқтаубаев) келгеннен бастап «аға, аға» дегеннен басқа ештеңе деген жоқ. «Неге жедел жәрдем шақырмайсыздар, мен алып кетуге келіп тұрмын» деді. Бұл жерде ақша туралы әңгіме болған жоқ, — деді сотталушы.
Бұрын сотта Шерзаттың ағасы Нұрқанат Ғайыпбаевтың тергеу кезіндегі бейнежазбасы көрсетілді.
Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер жауап берді.
Оған дейін сот отырысында куәгер Эльмира Нұрбекова жауап берді.
Екінші куәгер қыз Дана Жақсыгелді оқиға туралы баяндады.
Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.
Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат Полаттың ағасының денесі табылды.