Ведомствоның мәліметінше, қылмыстық іс бойынша «М» есімді азаматтың жекелеген адамдарға қамқорлық көрсеткені үшін бірнеше рет заңсыз сыйақы алғаны анықталған. Алынған қаражаттың жалпы көлемі 12 млн теңгені құраған.
Сот үкімімен аталған азамат бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Алайда сот заңсыз алынған ақшаны мемлекет кірісіне өндіру мәселесін шешпеген.
Осыған байланысты Бас прокуратура сот актісіне наразылық енгізген.
– Қылмыстық істер жөніндегі кассациялық сот мүлікті тәркілеу мәселесінің дұрыс шешілмеуіне байланысты енгізілген Бас прокуратураның наразылығын қанағаттандырды. Прокуратураның наразылығы бойынша кассациялық сот бұл мәселені қайта қарауға жатады деп танып, «М»-нен мемлекет кірісіне 12 млн теңге өндірді, – делінген ведомство хабарламасында.
Бас прокуратураның мәліметінше, биыл сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша енгізілген жеті наразылық қанағаттандырылған.
Нәтижесінде сыбайлас жемқорлық қылмыстары арқылы заңсыз алынған жалпы сомасы 50 млн теңгені мемлекет кірісіне өндіру қамтамасыз етілді.
Айта кетейік, бұған дейін прокурордың кассациялық наразылығы бойынша онлайн-казино ұйымдастырған азаматтан заңсыз алынған 9,9 млн теңге мемлекет кірісіне өндірілген болатын.