Сотталғандар енді түрмедегі тағдырын өздері шешетін болады - ІІМ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаңа Қылмыстық-атқару кодексінің жобасына сәйкес, сотталғандар түрмедегі тағдырын өздері шешетін болады. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Қылмыстық-атқару кодексі жобасы бойынша баяндама жасаған Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов осылай мәлім етті.

Министрдің сөзіне қарағанда, кодекс жобасы сотталғандардың құқықтары мен заңды мүдделерінің қорғалу деңгейін, қылмыстық жазаларды орындаудың тиімділігін едәуір арттыруды, сондай-ақ сотталғандарға тәрбиелік тұрғыдан ықпал етудің сапасы мен дәрежесін жақсартуды көздейді. «Құжатта ең алдымен бас бостандығынан айыру жазасын орындау тетігі жетілдіріледі. Жазаны орындаудың бұрын енгізілген прогрессивтік жүйесі енді қоныс-колониялар мен түрмелерге таралатын болады. Бұл жүйе сотталғандарды ұстауды кезең-кезеңімен ауыстыруды және оларды құқыққа мойынсұнғыштыққа, тәртіпке бағынған жүріс-тұрысқа ынталандырады», - дейді Қалмұханбет Қасымов. Министрдің айтуынша, кодекске сәйкес, бас бостандығынан айырылғандар алдымен өз жазаларын әдеттегі жағдайда өтей бастайды. Алайда, кейіннен жүріс-тұрысына, түрмедегі іс-әрекеттеріне қарай оларды қатал немесе жеңілдетілген жағдайда ұстаумен ауыстыру қарастырылады. «Осыған орай, кодексте сотталғандарды жүріс-тұрысына, тәртібіне қарай жіктеу көзделеді. Мәселен, жазасын өтеп жатқан бас бостандығынан айырылғандар үш топқа бөлінеді. Атап айтқанда, сотталғандар тәртіпті бірлі-жарым бұзатындар, екінші топ - тәртіпті жүйелі түрде бұзатындар және үшінші топ - қасақана тәртіп бұзушылар. Бұл жіктеу тәрбиелік үдерісті барынша сараланған қадаммен жүзеге асыруды қамтамасыз ететін болады. Тіпті, ең ақырында сотталғандардың өзі түрмедегі тағдырын өздері шешетін болады», - дейді Қ. Қасымов.