Сотталғандардың қоғамдық жұмыс істеу қағидаларына өзгеріс енгізілді

Фото: t.me/prg_jur

АСТАНА. KAZINFORM – Ішкі істер министрі 2025 жылғы 30 қыркүйектегі бұйрығымен пробация қызметінің қызметін ұйымдастыру және сотталған азаматтардың қоғамдық жұмысты істеуін ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер енгізді.

Жаңа өзгерістерге сәйкес, сот үкімін немесе қаулысын алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде жергілікті әкімдік:

- сотталған адамның тұрғылықты жері бойынша қоғамға пайдалы жұмыс түрін айқындайды;

- қоғамдық жұмысты ұйымдастыру туралы өкім шығарады;

- пробация қызметіне үкімнің немесе сот қаулысының алынғаны туралы және қоғамдық жұмысты ұйымдастыру жөніндегі өкімді жолдайды.

Сондай-ақ әкімдік:

- сотталған адамды арнайы киіммен (жилет) сондай-ақ қоғамдық жұмысты істеуге қажетті құрал-жабдық, өзге де керек-жарақпен қамтамасыз етеді;

- пробация қызметіне атқарылған уақыт есебінің табелін, істелген жұмыс актісін және сотталған адамның тәртібі туралы ақпарат жолдайды;

- сотталған адамның қоғамдық жұмысты істеуден жалтару фактісі туралы пробация қызметін хабардар етеді.

Айта кетерлігі, сотқа дейінгі пробация күдіктілер мен айыпталушыларға қатысты ерікті негізде қолданылады. Оған кімдер жатады:

- кәмелетке толмағандар;

- мүгедектігі бар азаматтар;

әйелдер:

– 58 жас және одан асқандар;

– жүктілер;

– үш жасқа дейінгі бала тәрбиелеп отырғандар;

ерлер:

– 63 жас және одан асқан;

– үш жасқа дейінгі баланы жалғыз тәрбиелеп отырғандар.

Құжат 2025 жылғы 14 қазаннан бастап күшіне енеді. 

Еске сала кетейік, былтыр елімізде қоғамдық жұмыстан жалтарғандарға қатысты заң талабы күшейтілді.