Сотталушы өзіне тағылған айыппен тағы да келіспеді
ТАЛДЫҚОРҒАН. KAZINFORM — Жетісу облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының ғимаратында Шерзат Полаттың өліміне байланысты сот отырысы өтіп жатыр.
Сотта айыпталушы Дархан Әскентай жауап беріп жатыр.
Ол оқиға орнына адамдардың қалай жиналғанын айтты.
— Нұрғанатпен сөйлесіп жатқан кезде Нұрбол екеуімізге пышақпен оқталды. Не үшін пышақ алып жүгіргенін түсінбей қалдым. Сол уақытта аузына келгенін айтты. Сол жерде тағы чекті көрсетейін дегенде телефонды қолымнан жұлып алды, дүкен ішіне кірдім, сосын қайтарып берді. Дүкеннен шығып жатқан кезде 1 көлік келіп тоқтады. Ішінен балалар шықты. Мені ұрып жіберген жерде Нұрқанат, Шерзат, сосын Шерзаттың 2-3 досы тұрды, — деді ол.
Сотталушы жаппай төбелес Қаржаубай Нұрымовтың пышақ алып шығуынан басталғанын айтты. Ол жанжал кезінде адамдарды ажыратуға тырысқанын және сол үшін өзі де соққы алғанын атап өтті.
— Сосын Нұрбол біреумен сөйлесіп тұр екен. Балалар келгеннен кейін кейбіреуі дүкенге кірді, қалғандары сыртта әңгімелесіп тұрды. Нұрболдан біреу «не болды, кімді ұрып жіберді» деп сұрады. Сөйлесіп тұрған кезде Қаржаубай шығып, пышақпен оқталды. Сол кезде бір бала теуіп жіберді. Нұрбол «аға, бәрі жақсы» деп айтып жатты. Бір қарап қалғанымда Шерзат сол жерде тұрған балалардың бірін ұрып жіберді, төбелес басталып кетті. Балалардың бәрі дүкенге қарама-қарсы көшеге қарай кеткеннен кейін мен артынан бара жаттым. Сол сәтте мылтық атылды. Сол жерде тағы бір дүкен бар, мен соған қарай жүріп кеттім. «Тоқтаңдар, атам» деген дауыс шықты және мылтық атылды. Мен күтіп тұрып қалдым, сонда Нұрболды көрдім. Оның артынан бара жатсам, бір бала құлап жатыр екен. Ақ не сұр киімдегі бала «скорый» деп айқайлап жатты. Сол жерде Нұрқанат құлады. Балалар алысып жатқаннан кейін «қой» деп айттым. Келген балаларды бұрын-соңды көрмегеннен кейін, «қойыңдар» дегеннен кейін 1-2 соққы алдым. Сосын өзім төмен қарай түсіп кеттім. Көлікке қарай барайын ба деп тұрған кезде Нұрболдың «кеттік» деген дауысын естідім. Сосын көлікке отырып кетіп қалдым, — деді сотталушы.
Адвокат Дархан Әскентайдан Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша тағылған айыпқа қатысты қаншалықты келісетінін сұрады.
— Бұл айыппен келіспеймін. Құрметті сот, өзімнің іс-әрекетіме байланысты лайықты жаза беруіңізді өтінемін, — деді ол.
Еске салайық, прокурор оқиғаның толық хронологиясын баяндады.
Айыпталушылардың көпшілігі кінәні мойындаған жоқ.
Сотта Шерзаттың әкесі Қаржаубай Нұрымов ол кикілжің қалай басталғанын айтқан еді.
Сонымен қатар оқиға орнына алғаш барған полицейлер жауап берді.
Былтыр 4 қазан күні төбелестен 16 жастағы жасөпірім қайтыс болғанын жазған едік.
2024 жылдың 12 қазанында қара жамылған отбасының үйі өртеніп кетті. Алматы облысының Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана жою фактісі бойынша іс қозғады.
2024 жылдың желтоқсан айында Талғар маңында Шерзат ағасының денесі табылды.