Соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану жеңілдетілді
АСТАНА. KAZINFORM — Енді азаматтарға соттан тыс банкроттық рәсімін бастау үшін бұрын елеулі кедергі болуы мүмкін бірқатар құжат жинаудың қажеттілігі жоқ.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Қаржы министрлігіне адамды банкрот деп тануға қажет құжаттардың санын барынша азайтып, азаматтарға қарыз мәселелерін жедел шешуге кең мүмкіндік беру жөнінде ұсынымдар енгізді. Осы ұсынымдардың негізінде Қаржы министрлігі соттан тыс банкроттық рәсімін айтарлықтай жеңілдетті.
Атап айтқанда, келесі құжаттарды тапсыру талап етілмейді:
1) нақты қарыз сомасын растайтын құжаттар;
2) әрбір несие берушінің атауы туралы мәліметтер;
3) қарызды реттеу әрекеттерін дәлелдейтін түрлі анықтамалар мен мәліметтер.
Бұрын азаматтар қағаз түрінде мәліметтер жинауға көп уақыт жұмсайтын болса, енді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ұсынымдары аясында тиісті ақпараттық жүйелер интеграцияланып, Мемлекеттік кірістер органдары негізгі мәліметтерді тікелей кредиттік бюро жүйесінен алады.
Нәтижесінде, бұл шара істерді қарау үдерісін бірнеше есе жеделдетіп, соттан тыс банкроттық рәсімін өмірлік қиын жағдайға тап болған әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін қолжетімді әрі тиімді көмек құралына айналдырды.
Осыған дейін банкроттық рәсімінің салдары туралы материал жарияладық.