Банкроттық рәсімінің қандай салдары бар
АСТАНА. KAZINFORM – Банкроттық рәсімі жасалғаннан кейін адамдарға келтірілетін белгілі бір салдарлар бар. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов айтты.
«Банкроттықтан кейін пайда болатын салдарлар бар. Сот және соттан тыс банкроттықты қолданатындар:
- банктерден және микроқаржы ұйымдарынан бес жыл бойы несие ала алмайды (ломбардтардан шағын несие алудан басқа);
- жеті жылдан кейін ғана банкроттық туралы қайта өтініш бере алады;
- олардың қаржылық жағдайы банкроттықтан кейін үш жылдан кейін тексеріледі.
Банкроттықтың салдары бар екенін әркім түсінуі керек. Төлем қабілеттілігі қалпына келтірілгенде мұндай салдарлар болмайды», - деді Сейілжан Ахметов ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, спикер төлем қабілеттілігін қалпына келтіру — сотта қарыздарды бөліп төлеу (5 жылға дейін) мүмкіндігін көздейтін рәсім екенін атап өтті. Бұл ретте қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.
Бұл процедураның артықшылығы - одан кейін адам «банкрот» мәртебесінде қалмайды, сондықтан оған банкрот үшін көзделген салдарлар қолданылмайды.
Айта кетейік, 2023 жылдың 3 наурызында елімізде жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеуге өтініш қабылдау басталды.
Содан бері елімізде 17,9 мың азамат банкрот деп танылды.
Сондай-ақ, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа «Қолдау» ақпараттық жүйесі іске қосылды.
Одан бөлек, соттан тыс банкроттық рәсімінен өту үшін қандай шарттар бары айтылды.