Соттан тыс банкроттық: Өтініш беруші қандай критерийлерге сай болуы керек
АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Сейілжан Ахметов азаматтар соттан тыс банкроттық рәсімінен өту үшін қандай шарттар барын айтты.
Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» Заңында қарыз түрі және қарыз сомасына байланысты 3 рәсім қарастырылған (соттан тыс банкроттығы, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және сот банкроттығы рәсімдері).
Олардың ішіндегі ең сұранысы көп - соттан тыс банкроттық рәсімі, оны тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолдануға болады.
«Соттан тыс банкроттық рәсімінің негізгі шарттары мынау:
1) берешек 5,9 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы керек;
2) 12 ай ішінде өтеу болмаған болуы керек;
3) тіркелген мүлік, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек;
4) банкпен реттеу жүргізілген болуы тиіс», - деді ОКҚ алаңында өткен баспасөз мәслихатында Сейілжан Ахметов.
Сондай-ақ, ведомство өкілі бұған қоса арнайы шарттар барын да атап өтті.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушылар үшін 12 ай ішінде төлемеу критериі қолданылмайды. Бес жылдан астам уақыт берешегі өтелмеген тұлғалар үшін мүліктің болуын тексеру және қарыз сомасына шектеулер белгіленбейді», - деді спикер.
Азаматтар бұл рәсімге өтініштерді халыққа қызмет көрсету орталықтарында электронды үкімет порталы (eGov.kz.), сондай-ақ e-Salyq Azamat немесе eGov мобильді қосымшасы арқылы бере алады.
Айта кетейік, 2023 жылдың 3 наурызында елімізде жеке тұлғалардың банкроттығын рәсімдеуге өтініш қабылдау басталды.
Содан бері елімізде 17,9 мың азамат банкрот деп танылғаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ, жеке тұлғалардың банкроттығы туралы жаңа «Қолдау» ақпараттық жүйесі іске қосылды.