«Союз-5/Сұңқар»-дың ұшырылуы Қазақстан мен Ресейге қандай мүмкіндіктер ашады

АСТАНА. KAZINFORM – Байқоңырдан алғаш рет «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы ұшырылды. Ол Ресей мен Қазақстанның бірлескен Байтерек жобасы аясында жүзеге асты. Оның артықшылықтары мен екі елдің ғарыш саласындағы перспективалары туралы «МИР 24» жазды.

Фото: Роскосмос

Бір ай бұрын орта класты «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы құрастыру-сынақ корпусынан шығарылған. Осы уақыт аралығында «Байтерек» старттық кешенінде кешенді сынақтар жүргізілді.

Зымыран-тасығыш жүк жеткізуге және автоматты аппараттарды орбитаға шығаруға арналған. Ол Жер маңындағы орбиталарға 17 тоннаға дейін, ал геостационарлық орбиталарға 2,5 тоннаға дейін жүк шығара алады.

Бұл – мемлекетаралық жоба. Зымыран президенттің тапсырмасы бойынша, үкіметтің жетекшілігімен жасалды. Сәтті ұшырылды. «Байтерек» жобасы бойынша қазақстандық әріптестеріміз де ғарыш державалары клубына қосылды, оларды құттықтаймыз. Бұл жобаны әрі қарай дамытып, зымыран сипаттамаларын жақсартып, орбитаға шығарылатын пайдалы жүктің көлемін арттырамыз, – деді «Роскосмос» корпорациясының бас директоры.

«Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы Прогресс орталығында әзірленген. Мамандардың айтуынша, бұл – экологиялық тұрғыдан қауіпсіз ғарыш техникасына жасалған қадам. Зымыран улы емес отынмен – керосин мен сұйық оттегімен жұмыс істейді. 

Алғашқы ұшу ұшу-конструкторлық сынақтар аясында өтті. Оларды сәтті аяқтағаннан кейін «Союз-5/Сұңқар» «Зенит» зымыран-тасығыштар тобының орнын басады деп жоспарланып отыр.

Қазақстан үшін «Байтерек» жобасы – стратегиялық маңызы бар жетістік. Ол елге өзінің ғарыштық ұшыру инфрақұрылымын дербес пайдалануға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, бұған дейін Байқоңырдан алғаш рет «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы ұшырылғанын хабарладық.

Сондай-ақ Байқоңырдан ұшырылған «Союз-5/Сұңқар» зымыран-тасығышы қалай жабдықталғанын да жаздық.