SpaceX акциялары IPO-да сатылса, Илон Маск тарихтағы алғашқы триллионер атанады

Фото: Shutterstock/FOTODOM

АСТАНА. KAZINFORM – Илон Маскқа тиесілі SpaceX компаниясы АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) акцияларды бастапқы жария орналастыруға (IPO) құпия өтінім берді, деп хабарлайды BBC.

Компанияның биржаға шыққаннан кейінгі құны 1 триллион доллардан асатыны күтіліп отыр, бұл SpaceX дебютін қаржы нарығы тарихындағы ең ірі IPO-лардың біріне айналдыруы мүмкін. Reuters мәліметінше, компанияның бағалануы қазірдің өзінде 1,75-2 триллион доллардан жоғары деңгейде талқыланып жатыр.

Зымырандар, ғарыш технологиялары және Starlink спутниктік байланыс жүйесін өндіруге маманданған SpaceX қазіргі уақытта жекеменшік компания болып қала береді. IPO-дан кейін Илон Масктың компаниядағы үлесі оны әлемдегі алғашқы триллионер етуі мүмкін.

Bloomberg, Reuters және The New York Times деректеріне сәйкес, компанияның ресми түрде биржаға шығуы маусым айына жоспарланып отыр.

SEC-ке құпия түрде өтінім беру SpaceX-ке IPO-ның егжей-тегжейін реттеуші орган құжаттарды зерделеп жатқан кезеңде уақытша жарияламауға мүмкіндік береді.

Келесі кезеңде ірі инвесторлармен кездесулерден тұратын роуд-шоу өтеді. Бұл шара капитал тартуға бағытталған.

Компания акцияларды еркін саудаға шығару арқылы 50 миллиард доллардан астам қаражат, ал кейбір бағалаулар бойынша 75 миллиард долларға дейін қаржы жинауды жоспарлап отыр.

Биыл SpaceX жасанды интеллектпен айналысатын xAI компаниясын толықтай акциялар арқылы сатып алды. Бірігу нәтижесінде компанияның бағасы 1,25 триллион доллардан жоғары деп бағаланып отыр, ал соңғы мәліметтерде бұл көрсеткіш 2 триллион долларға жуықтағаны айтылған.

Бұған дейін xAI әлеуметтік желі X-ті (бұрынғы Twitter) сатып алған еді. Бұл Маск компаниялары арасындағы интеграцияның күшейіп келе жатқанын көрсетті.

Сарапшылардың пікірінше, бұл жағдай инвесторлар үшін SpaceX-тің жақын уақытта қор нарығына шығуға дайын екенін білдіретін маңызды белгіге айналды.

Бұған дейін Илон Масктың ғарышты игеру үшін тарихтағы ең ірі чип зауытын салып жатқаны хабарланған еді.

Сондай-ақ X әлеуметтік желісі қаржы саласына арналған жеке сервисті іске қосуды жоспарлап отыр. Компания иесі Илон Маск платформаның аудиториясын шамамен 600 миллион белсенді пайдаланушы деп бағалайды. Жоба болашақта әмбебап суперқосымшаға айналуы мүмкін.