SpaceX әлемдегі ең қымбат стартапқа айналуы мүмкін
АСТАНА. KAZINFORM — SpaceX әлемдегі ең қымбат жекеменшік компанияға айналып, құны 800 млрд долларға дейін жетуі мүмкін, деп хабарлайды The Bell басылымы.
Илон Масктің SpaceX ғарыш компаниясы бір акциясын 400 доллардан бағалап, акциялардың екінші реттік сатылымын бастады. Егер мәміле сәтті өтсе, компанияның құны 750-800 млрд долларға жетуі мүмкін, бұл SpaceX-ті әлемдегі ең қымбат стартапқа айналдырады. Қазіргі уақытта бұл жетістік 500 млрд долларлық құнымен OpenAI компаниясына тиесілі.
Өткен шілде айында өткен алдыңғы екінші реттік сатылым кезінде компания акциялары 212 доллар тұрған, ал жалпы бағасы шамамен 400 млрд доллар болған. WSJ деректеріне сәйкес, SpaceX белсенді түрде дамып келеді: компания зымыран саласында көшбасшы саналады, ал Starlink спутниктік сервисінің белсенді пайдаланушыларының саны 8 млн-ға жеткен.
Мәміле жарты жыл сайын өтетін тендерлік ұсыныс аясында жүзеге асырылып жатыр. Осы кезде SpaceX-тің шамамен 25 жыл бойы жеке компания болып келе жатқанына қарамастан қызметкерлер мен бастапқы инвесторлар өздерінің бағалы қағаздарын сатып, табыс ала алады.
The Information мәліметінше, компания 2026 жылдың екінші жартысында IPO өткізуді жоспарлап отыр.
Еске сала кетсек, SpaceX компаниясы Starship зымыранын оныншы мәрте ұшырып, Үнді мұхитына қонғанын жаздық.
Ал қыркүйек айында қор нарығында акциялар мен облигациялар белсенді өскенін хабарлағанбыз.