Спорт саласындағы жемқорлықтан мемлекетке 800 млн теңге залал келді
АСТАНА. KAZINFORM – Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спорт саласындағы сыбайлас жемқорлыққа байланысты 18 қылмыстық іс жүргізді. Аяқталған істер бойынша 800 млн теңгеден астам жалпы залал анықталды.
Бұл тергеулер бірқатар сыбайлас жемқорлық схемаларын ашты, соның ішінде жалған оқу-жаттығу жиындарын өткізу, жалақы төлеу кезінде айла-шарғы жасау, қымбат тұратын спорттық жабдықтар сатып алулар бар.
Антикордың хабарлауынша, Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК директоры мен оның орынбасарына қатысты тергеу аяқталды. Олардың 2022-2023 жылдары кәсіпкерлік субъектісімен алдын ала сөз байласу бойынша спорттық жабдықтар алуға бөлінген 397 млн теңге бюджет қаражатын жымқырғаны анықталды. Оған қоса, 2021 жылы «Dat Corporation» ЖШС директоры ретінде Батыс Қазақстан облысында футбол мен допты хоккейді дамытуға бөлінген 161 млн теңге бюджет қаражатын жымқырған. Қазіргі уақытта іс сотта қаралып жатыр.
Сонымен бірге, Қарағанды қаласының Қазыбек би аудандық соты «Жастар» олимпиадалық резервінің облыстық мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің футболдан басшысы Б. Нұрлановқа үкім шығарды. Ол жалған оқу-жаттығу жиындарын тіркеп, 3 млн теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды. Б. Нұрланов мемлекеттік қызметте, сотта және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қызмет атқару құқығынан және 2 жылға бас бостандығынан айырылды.
Алматы қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының бұрынғы басшысын жемқорлықпен ұстады. Ол олимпиадалық резервтің республикалық мамандандырылған мектеп-интернатының директоры қызметінде азық-түлік жеткізу қызметтерін мемлекеттік сатып алу шартын жасасқаны үшін жеке кәсіпкерден 8 млн теңге пара алды деп күдіктенеді. Биыл 24 сәуірде күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.
Айта кетейік, елімізде сыбайлас жемқорлықтан тәркіленген ақшаға 89 мектеп салынып жатыр.