Спортшылардың өткен аптадағы жарқын жеңісі
АСТАНА. KAZINFORM – Туризм және спорт министрлігі қазақ спортшыларының өткен аптадағы жарқын жеңісі туралы жазды.
Дзюдо: Қытайдың Ордос қаласында өткен дзюдодан Азия чемпионатында отандық спортшылар алты медаль жеңіп алды.
Әділет Алмат 81 келіде топ жарса, Қазақстан ұлттық құрамасы аралас командалық сында күміс жүлдеге ие болды. Сондай-ақ Абылайхан Жұбаназар (81 кг), Айдар Арапов (90 кг), Эсмигүл Куюлова (63 кг) мен Аруна Жангельдина (78 кг) қола медаль иеленді.
Семсерлесу: Ерлік Сертай Будапештегі (Мажарстан) Гран-при кезеңінде күміс жүлдегер атанды. Финалда ол жергілікті спортшы Давид Надьге 12:15 есебімен жол берді.
Таеквондо: Қазақстан құрамасы Ташкентте (Өзбекстан) өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында бес жүлдеге қол жеткізді.
44 келіде Айым Серікбаева алтын медаль жеңіп алып, тарихи нәтиже көрсетті. Ал Ерасыл Ерзат (48 кг), Ислам Медетбай (55 кг) және Әлидар Әбдікәрімов (68 кг) қола жүлдегер атанды.
Сонымен қатар Испаниядағы Spain Open халықаралық турнирінде Қазақстан құрамасы 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль еншіледі.
Теннис: Отандық теннисші Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласындағы WTA 500 турнирінде жеңіске жетті. Финалда ол әлемнің екінші ракеткасы чехиялық Каролина Муховадан 7:5, 6:1 есебімен басым түсті. Айта кетейік, Рыбакина бұл турнирде 2024 жылы да чемпион атанған.
Шайбалы хоккей: Испанияның Пучсерда қаласында өткен әйелдер арасындағы шайбалы хоккейден әлем чемпионатының IB дивизионында Қазақстан үшінші орынды иеленді.
Айта кетейік, World Boxing федерациясының ұйымдастыруымен өтетін бокстан әлем кубогында 20 сәуірде ел құрамасынан кімдер шаршы алаңға шығатыны белгілі болды.