Степногорде бопсалаушылар тобы ұсталды

КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Степногорде бопсалушылар тобы ұсталды. Алдын ала мәлімет бойынша олардан алты адам жапа шеккен.

Фото: Видеодан алынған кадр

Ақмола облысы ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер ПД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында қолға түсті. 

Анықталғандай, күдіктілер Астана және Степногор қаласы аумағында бірқатар бопсалау қылмысымен айналысқан. Топ мүшлері бірнеше ай бойы қорқыту, күш қолдану арқылы жергілікті тұрғындарды, негізінен кәсіпорын жұмысшыларын, сондай-ақ жастарды мобильді қосымшалар арқылы әртүрлі несиелер алуға мәжбүр еткен. Қорқытып, заңсыз иемденген ақша мен тауарларды өз қалаулары бойынша пайдаланған. 

«Қазіргі уақытта алты адамның жәбір көргені анықталды, оларға келтірілген залалдың көлемі шамамен 8 миллион теңгені құрайды. Ұсталған қылмыстық топтың 6 мүшесінің үшеуі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды. Бопсалау деректері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары қолға алынды», — деді ведомстводан.

Айта кетсек, бұдан бұрын көкшетаулықтың 12 млн теңге ақшасын жымқырған дроппер 3,5 жылға сотталғанын жазған едік.