АСТАНА. KAZINFORM — Болгария астанасы София қаласында өтіп жатқан дәстүрлі халықаралық Странджа турнирінің екінші жарыс күні шаршы алаңға шыққан Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері қазақстандық Нұрбек Оралбай алғашқы жекпе-жегін нокаутпен аяқтады.
86 келі салмақта жұдырықтастатын Нұрбек жарысты 1/8 финалдан бастап, ринг қожайыны Мануэль Жечевпен кездесті.
Аса тартысты басталған жекпе-жек екінші раундта отандасымыздың айқын басымдылығымен аяқталды. Екінші раундта Нұрбек қарсыласын ауыр соққыларымен есеңгіретіп жіберді. Бетіне бағытталған тура соққылардан Жечевтің капасы ұшып кетті. Осыдан кейін рингтегі төреші жарысты бірден тоқтатып, қазақстандық бкосшы техникалық нокаутпен жеңіске жетті.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған турнирде қазақстандық төрт бұрымды боксшы шаршы алаңға шығып, оның үшеуі қарсыласынан басым түсіп, біреуі жеңіліс тапқанын жазған болатынбыз.
Күнсұлтан Отарбай
Еуразия Ұлттық университетінің түлегі. Республикалық «Қазақ спорты», «Sport» газеттерінде қызмет атқарған.
2014 жылғы Сочи, 2016 жылғы Рио-Де Жанейро, 2017 жылғы Инчхон және 2024 жылғы Париж Олимпиадасында, сонымен қатар бір қанша Қысқы және Жазғы Азия ойындарынан, әлем біріншіліктеріне барып тікелей хабар таратқан журналист.
Сейдақмет Бердіқұлов атындағы арнайы сыйлықтың лауреаты.