Студент екі аяғынан айырылған жол апаты: Арыс әкімінің ұлына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Астана-Павлодар тасжолында 20 жастағы студент Талғат Емелдің екі аяғынан айырылуына әкелген жол апатына қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Көлік тізгінінде Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараевтың ұлы болған.

Фото: Polisia.kz.

Жол апаты 2026 жылғы 29 мамырда болған. Көлік жол жиегіндегі темір қоршауға соғылып, қоршау көліктің салонын тесіп өткен. Апат салдарынан Талғат Емел ауыр жарақаттанып, дәрігерлер оның екі аяғын ампутациялауға мәжбүр болған.

Оқиға бойынша Екібастұз қаласының полициясы жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіру фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 2-бөлігіне сәйкес қылмыстық іс қозғаған еді.

Павлодар облысы полиция департаментінің мәліметінше, қылмыстық іс рақымшылық туралы заңның негізінде тоқтатылған.

— Биылғы жылдың 16 қыркүйегінде жол-көлік оқиғасы дерегі бойынша қылмыстық іс Қазақстан Республикасының 2026 жылғы 1 шілдедегі рақымшылық жасау туралы заңның негізінде тоқтатылып, бекіту үшін Екібастұз қаласының прокуратурасына жолданды. Сонымен қатар, зардап шеккендерге азаматтық тәртіппен сотқа жүгіну ұсынылды, — делінген полиция хабарламасында.

Бұған дейін Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев көлікті өзінің ұлы басқарғанын растаған еді. Ол ұлының кәмелетке толған азамат екенін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз әрекеттері үшін жеке жауапкершілікке ие екенін атап өтті. Сондай-ақ әкім өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланбайтынын және тергеу барысына ықпал етуге тырыспайтынын мәлімдеген.

— Заң алдында барлығы тең. Бұл қағидат менің отбасы мүшелеріме де толық қолданылады. Оқиғаның барлық мән-жайына объективті құқықтық баға беріледі. Ал түпкілікті шешімді заңда белгіленген тәртіппен құзыретті мемлекеттік органдар қабылдайды, — деді Қайсар Маңқараев.

Бұған дейін Астана-Павлодар тасжолындағы жол апатынан жас жігіттің екі аяғынан айырылғанын хабарлаған едік.