Студенттен ауысым басшысына дейін: жас металлургтің еңбек жолы

ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Айналдырған жеті жыл ішінде Қазақстан электролиз зауытының белді қызметкеріне айналып үлгерген Елдос Жұмабеков бүгінде металлургия саласының туын абыроймен желбіретіп келеді.

Фото: Елдос Жұмабековтің жеке мұрағатынан

Арқа төсінде кеңінен көсіліп жатқан алып зауыттың өнімді жұмысы Елдос Жұмабеков сияқты жігерлі жастардың мойнында тұр. Білікті маман өзінің жастығына қарамастан бүгінде ауысым басшысы лауазымын абыроймен атқарып, әріптестері арасында құрметке бөленген. Айтуынша, ол бұл зауытқа 2019 жылы Торайғыров университетінің үшінші курсында оқып жүргенде кірген көрінеді. Талапты жастың бойындағы ұшқынды аңғарған кәсіпорын басшылығы оны жұмысқа қабылдауға шешім шығарған. Елдос алғашқыда электролизер пештерінде алюминий өндірісінің операторы болып еңбек етеді. Қолына күрек-сайман ұстап, 1000 градусқа дейін қызатын пештердің айналасындағы қара жұмысқа белсене араласты.

Фото: Елдос Жұмабековтің жеке мұрағатынан

— Арқа төсінде кеңінен көсіліп, 200 гектарға жуық алқапты алып жатқан алып зауыт алыстан көз тартады. Өндірістік кешен жылына 250 мың тонна жоғары сапалы алюминий шығаратын жобалық қуатында жұмыс істей бастағаны да мәлім. Сапалы алюминий бүгінде өзіміздің мемлекетті қойып, ТМД мен Еуропа елдеріне экспортталып отыр. Мұнда жұмыс істеуді алғашқы күннен-ақ мәртебе тұттым. Арада біраз уақыт өткен соң кәсіби тұрғыдан өсуім керек деген ойға келдім. Басшылыққа кіріп, «өсуім керек, мені бригадирлыққа үйретіңіз» деп едім, талабымды құптады. Үйрене келе бригадир, одан соң ауысым басшысы лауызымын сеніп тапсырды. Қазіргі уақытта қарауымда 17 жұмысшы бар. Бір қызығы, алғаш мені алюминий құюға үйреткен аға буын қазір менің ауысымымда істейді. Олардың барлығы жауапты жұмысыма түсіністікпен қарап, қолдан келгенше жәрдемдеседі. Мұндай қолдау мені әрдайым жігерлендіреді, — дейді жас маман.

Елдос ең әуелі қоластындағы қызметкерлердің қауіпсіздігіне жауапты. Олардың техникалық қауіпсіздігін қадағалап, жұмыс сапасының төмендемеуін назарда ұстайды. Зауыт мамандарының сөзінше, алюминий өндірісі энергияны көп қажет ететін үдеріс, бір өзі 420 мегаватт электр энергиясын тұтынады. Салыстыру үшін айтып өтейік, электролиз зауытының қуат тұтынуы алюминий тотығы өндірісінен (глинозем) 5 есе жоғары. Бір тонна алюминий өндіруге 1,9 тонна глинозем, 0,54 тонна анод, 13 МВт электр энергиясы қажет екен. Электролиз зауытынан шыққан бастапқы алюминийден әлем бойынша кәбіл-өткізгіш өнімдер, металл конструкциялары мен құрылыс материалдары, автомобиль, түрлі құрал-жабдықтар мен аспаптар жасалады.

Жоғарыда алып зауыт Е.Жұмабеков сияқты жігерлі жастарға тәуелді дедік. Жас маманның талабы таудай. Ол 19 жылдық тарихы бар зауытта алғашқы болып республикалық «Алтын гефест» сыйлығын ұтып алды. Сондай-ақ облыстық деңгейде өткен «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсында топ жарды.

Фото: Елдос Жұмабековтің жеке мұрағатынан

— Мұндай жетістіктер маған күш-жігер сыйлап қана қоймайды, алдағы істерге ынталандыру дер едім. Жұмысшы мамандықтың қадірлі екенін Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев талай маңызды жиындарда атап айтты. Бізге деген көптің ыстық ықыласы, Үкімет пен жергілікті биліктің қолдауы айқын сезіліп отыр. Былтыр жұмысшы мамандар үшін арнайы ипотекалық бағдарлама қабылданды. Оның нәтижесінде менің көптеген әріптесім баспаналы болды. Жұмысшыларды қолдауға бағытталған өзге де жобалар өміршең етіліп жатыр. Осының барлығы біздің жұмысымызға шабыт сыйлайды, — деп атап өтті ол.

Сөз соңында ол зауыт ұжымы көп ұлтты болғанымен тату-тәтті жағдайда еңбек ететінін жеткізді.

— Басшылар, соның ішінде цех басшысы, зауыт директоры әрқайсымыздың ой-пікірімізді тыңдауға, идеяларымызды қолдауға әрдайым дайын тұрады. Бізде басшыға кіру үшін сағаттап кезек күту, ойымызды ашық айта алмау сияқты бюрократиялық іс-әрекеттер атымен жоқ. Барлығымыз бір отбасының мүшелері сияқтымыз. Біреуіміз үлгермей жатсақ, өзгелері көмектесуге дайын тұрады. Ұжымдық рух айқын сезіледі. Ал мұндай жерде еңбек етудің өзі рахат. Ізімді басып келе жатқан жастарға айтарым, ең бастысы мақсатты дұрыс құра білу керек. Екіншіден, кез келген істе асығыстыққа жол бермеу маңызды. Мақсат дұрыс болса, кез келген қиындықтан жол тауып шығуға болады, — деп түйіндеді сөзін Елдос Мұратұлы.

Фото: Елдос Жұмабековтің жеке мұрағатынан

Жас маман келешекте кәсіби тұрғыдан өрлеуді жалғастыра беретін ойда. Ол үшін өзі еңбек ететін кәсіпорында барлық жағдай жасалған.

Бұған дейін Ертіс орманы резерватында жалпы еңбек өтілі 235 жылды құрайтын Амановтар әулеті туралы жазғанбыз.