Бұл туралы жолданған ресми сауалға ҚР Білім және ғылым министрлігі осылай жауап берді.
Ведомствоның хабарлауынша, Халықаралық студенттер спортының (FISU) регламентіне сәйкес, Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада-2017-ге қатысу үшін қатысушы елдердің командалары, оның ішінде Қазақстанның құрама командасы (шайбалы хоккей, керлинг және басқа да спорт түрлерінен) тіркеу жарналарын төлеуі тиіс.
«Республикалық 204-ші «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі кадрлармен қамтамасыз ету» бюджеттік бағдарламасы мен 113-ші «Республикалық мектепаралық олимпиада, конкурстар, республикалық маңызы бар сабақтан тыс шаралар» кіші бағдарламасы шеңберінде Қазақстан құрама командасының тұру, тамақтану, іссапарлар шығындары мен тіркеу жарналарын төлеуге қаржы 2017 жылға қарастырылған.
Осы орайда, 2015 жылғы 4 желтоқсанда Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік сатып алу» Заңына сәйкес, жоғарыда аталған шығындар дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті органның 2017 жылға арналған бұқаралық спорт шараларының республикалық бірыңғай күнтізбесін бекіткеннен кейін жүзеге асырылады», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетелік, Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанның ерлер және әйелдер студенттік құрама командаларының Алматыда 2017 жылы өтетін қысқы Универсиадаға жіберілмеуі мүмкін екендігі туралы хабар таратылған болатын.
Өйткені, ҚР Білім және ғылым министрлігі Халықаралық студенттер спортының (FISU) регламентіне сәйкес, Универсиадаға қатысу үшін тіркеу жарнасын әлі төлемеген.
Естеріңізге сала кетелік, Бүкіләлемдік 28-ші қысқы Универсиада Алматы қаласында 2017 жылы 29 қаңтар мен 8 ақпан аралығында өтеді.