Су басқан Құлсары қаласының кейбір бөлігі газдан ажыратылған

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тасқын су басқан Құлсары қаласының кейбір бөлігі газдан ажыратылған.

Фото: Pixabay

Жылыой аудандық әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, бірнеше шағын ауданда газ беру тоқтатылған.

«Құлсары қаласындағы «Атырау», «Автожолшылар», «Достық» шағын аудандары мен 2-ауыл, музей маңындағы 3 қабатты 5 үй газдан ажыратылды. Ал, жер астындағы газ құбыры зақымдалып, су кіргендіктен 4 және 6-ауылдағы тұрғын үйлердің жартысына газ қосу мүмкін болмай тұр», - деп хабарлады аудандық әкімдіктен.

Құлсары қаласының басқа аумақтарында, аудандағы барлық елді мекендерде газ штаттық режимде беріліп тұр.

Қазір «Жылыойгаз» ЖШС-нің мамандары кесілген газ желілерін қалпына келтіру жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында төтенше жағдай жарияланған еді.

Ал Жылыой ауданынан 35 мыңға жуық тұрғын эвакуацияланды.