Су басқан өңірлерге Starlink интернет терминалдары жіберілді – министрлік

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми өкілі Альбина Әтеннің айтуынша су тасқынына ұшыраған өңірлерде Starlink интернетімен алдымен мектептер қамтылып жатыр.

Фото: pixabay.com

«Цифрлық даму министрлігінен Қостанай облысына 30 Starlink терминалы, Ақтөбе облысына 3 терминал, БҚО 2 терминал, Ұлытау облысына 1 жинақ, Атырау облысына 6 терминал, Шығыс Қазақстан облысына 2 терминал және Солтүстік Қазақстан облысына 3 терминал жіберілді. Starlink интернет терминалы білім беруді қамтамасыз ету үшін ең алдымен аймақтағы мектептерде орнатылып жатыр. Төтенше жағдайларға байланысты әкімдіктерден сұраныс түссе, біздің министрлік қосымша терминалдар жіберуге дайын», - деді Альбина Әтен Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында. 

Бұған дейін интернет жылдамдығы нашар ауыл мектептерін Starlink жүйесіне қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқаны туралы хабарлаған едік. 

Еске сала кетсек, Қазақстанға Starlink жүйесінің алғашқы партиясы биыл ақпанда жеткізілді