Су добынан спортшыларымыз қола медаль үшін қытай құрамасымен сынға түседі
АСТАНА. KAZINFORM – Филиппин елінің Нью-Кларк-Сити қаласында өтіп жатқан су спорты түрлерінен әр түрлі жас санатындағы XI Азия чемпионатында су добынан сынға түсіп жатқан Қазақстан ұлдар құрамасы жартылай финалда Жапонияға есе жіберді.
Енді 9 наурыз күні жігіттеріміз қола жүлде үшін ойында Қытай құрамасына қарсы сынға түседі. Ал финалда Жапония мен Иран бас жүлдені сарапқа салады.
Су добы. Ұлдар. 1/2 финал
Қазақстан - Жапония 10:20 (1:4, 2:4, 2:1, 5:11)
Голдар:
Егор Белоусов, Кирилл Пантелеев - 3
Нұрдәулет Сүлейман, Әл-Фараби Құбайдолла, Нұрасыл Сәтберген, Дәурен Әли – 1.
Естеріңізге сала кетейік, бұгін аталған спорт түрінен қыздар құрамасы қытайлық қарсыластарына 9:14 есебімен жеңіліп қалғанын жазған едік. Енді аруларымыз ертең 9 наурыз күні Таиланд құрамасымен шеберлік байқасады.
Айта кетейік, аталған Сарықұрлық додасына 45 мемлекеттен 12-18 жас аралығындағы жас спортшылар мен ересектер қатысып жатыр.
26 ақпан күні басталған Азия чемпионаты 9 наурыз күні мәресіне жетеді.