«Су QR-код арқылы беріле бастады» – фейк

АСТАНА. ҚазАқпарат – Instagram-да тараған видеода Нигерияда су алуға келген әйелдер QR-кодты сканерлейді. Айтылғандай, онсыз елде су алу мүмкін емес. Мәселені Stopfake.kz анықтап көрді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл видео желіде 2023 жылдың наурыз айында тарай бастаған болатын. Барлық жерде видеоның Нигерияда түсірілгені және әйелдер су алу үшін QR-кодты пайдаланатыны жазылды.

Шын мәнінде, бұл видео Нигерияда емес, Малавиде түсірілген. Видео кейіпкерлері кәдімгі су сататын автоматты пайдаланады. Олар QR кодын емес, су сатып алу үшін төлем жасауға банк картасын өткізген.

Мұндай автоматтар Малавиде 2020 жылдың екінші жартысында, COVID-19 пандемиясы кезінде орнатылды. Бұған дейін төлемді автоматтың жанында белгілі бір уақытта кезекшілік ететін адам алатын. Осыған байланысты суға ұзақ-сонар кезек қалыптасып, ауру жұқтыру ықтималдығы едәуір артқан. Автоматтандырылған су беру жүйелерін орнату тәулік бойы жұмыс істейді және үшінші тұлғалардың қатысуын қажет етпейді, өйткені сатып алушылар тікелей төлем жасайды.

Демек, таралған ақпарат – фейк. Кадрларда Нигериядағы QR-код бойынша су беру жүйесі емес, Малавидегі кәдімгі су сататын автомат көрсетілген», - делінген Stopfake.kz сайтында.