Жиынға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Алешка Симкич, Нидерланд Корольдігінің Қазақстандағы дипломатиялық миссиясы басшысының орынбасары Мартин ван Бюрен қатысты.
Сондай-ақ Құрылтай депутаттары Айжан Сқақова, Арман Хайруллин және Шынасыл Ерназар, мемлекеттік органдардың, халықаралық қаржы институттарының, технологиялық компаниялар мен ғылыми қауымдастықтың өкілдері бас қосты.
Іс-шараны «Су ресурстарының ақпараттық-талдау орталығы» КЕАҚ Еуропалық одақтың Қазақстандағы өкілдігімен және Германияның халықаралық ынтымақтастық қоғамымен (GIZ) бірлесіп ұйымдастырды. Жиынға Chevron және Caravan of Knowledge ұйымдары қолдау көрсетті.
Қатысушылар су саясатының басым бағыттарын, бассейндік жоспарларды іске асыруды, су шаруашылығы инфрақұрылымын дамытуды және салаға инвестиция тартуды талқылады.
Дөңгелек үстелде су саласын цифрлық трансформациялау мәселесіне де басымдық берілді. Атап айтқанда, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін дамыту, цифрлық мониторинг пен болжам жасау, ақпараттық жүйелерді біріктіру және заманауи технологияларды қолдану мәселелері қаралды.
Жиын аясында ынтымақтастық туралы меморандумдармен алмасу рәсімі өтті. Құжаттар су ресурстарын басқару саласындағы әріптестікті нығайтуға және өзара іс-қимылды дамытуға бағытталған.
Министр Нұржан Нұржігітов стратегиялық жоспарлау мен цифрландыру су ресурстарын басқарудың біртұтас жүйесін қалыптастыруда өзара тығыз байланысты екенін атап өтті.
-Біз жоспарлау құжаттарын әзірлеуден оларды іс жүзінде қолдануға көшуіміз керек. Бассейндік жоспарлар су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту басымдықтарын айқындауға, су ресурстарын ұтымды бөлуге және су тапшылығы тәуекелдерінің алдын алуға негіз болуы тиіс. Ал цифрландыру нақты нәтижеге бағытталуы керек. Бұл – суды дәл есепке алу, сапалы болжам жасау, ықтимал тәуекелдерді уақытылы анықтау және су шаруашылығы шараларын негізді жоспарлау, – деді министр.
Осыған дейін жаңа су қоймалары салаға қандай өзгеріс әкелетіні туралы жаздық.