Су тасқыны: Ақтөбеде 72 кәсіпкерлік субьектісінен өтініш түсті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында шаруалар мен жеке кәсіпкерлерден өтініш қабылданып жатыр. Өңірлік кәсіпкерлер палатасында жедел штаб жұмыс істеп тұр.

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Ақтөбе облысының кәсіпкерлер палатасына 72 бизнес субъектісі жүгінді. Оның 64-і аудандарда орналасқан.

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

- Қалада және аудандарда төтенше жағдай жарияланып, құжаттарды дайындау, залалды тіркеу үшін кеңес беру басталып кетті. «Атамекен» палатасы филиалдарының аудандық директорлары комиссия құрамында бар. Олар өтініштерді қабылдау кезінде кәсіпкерлер мен шаруаларға барады. Мәселен Ойылда 24 шаруа қожалығы, бір алма бағы бүлінген. Қобдада 13 шаруа қожалығы тіркелді. Сонымен бірге кемпинг, азық-түлік дүкендеріне де су кірген. Ырғыз ауданында 2 шаруа қожалығы, Мұғалжар ауданында азық-түлік дүкені, дәмхана, монша бар. Темір ауданы бойынша 13 шаруа қожалығы, Алғада бір шаруа қожалығы тіркелді. Көбінесе ірі қара мен ұсақ мал қырылып қалған. Әлі де көптеген қыстау су астында тұр. Нақты санын айту қиын, - деді Ақтөбе облысы Кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Рахат Тәжібаев.

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Ал Ақтөбе қаласы бойынша 8 бизнес субъектісі тасқын судан зардап шекті. Олардың арасында бөтелкедегі су өндіретін цех пен мейрамхана, кілем жуу цехы, азық-түлік дүкені, жиһаз цехы, қойма бар. 

- Су тасқынынан зардап шеккен кәсіпкерлерге нақты көмек көрсету үшін қаржы жиналып жатыр. Барлық ниет білдірушілер «Күшіміз бірлікте» қоғамдық бірлестігіне ақша аудара алады, - деді Рахат Тәжібаев.