Су тасқыны: Ақтөбеде Әйтеке би ауданының тұрғындары жаңа үйге қоныстанды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Әйтеке би ауданында 26 үйдің құрылысы аяқталды. Баспанасы суға кеткен тұрғындар бүгін жаңа үйдің кілтін алды.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Әйтеке би ауданы Т.Жүргенов ауылында барлығы 26 үй салынды. Құрылысқа қаржыны Bi Group компаниясы бөліп, 2 айдан астам уақытта тұрғындар жаңа баспанаға қоныстанып жатыр.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Биыл 30 наурыз күні сағат 04:00-де үйге су кірді. Одан кейін бағалаушылар келіп, үйді жарамсыз деп айтты. Содан тума-туысымның үйіне барып, пәтер жалдап тұрдым. Арада екі ай өткен жаңа үйге қол жеткіздік. Отбасымда 7 жан тұрамыз. Төрт балам бар, анамыз жанымызда. Материалдық шығын ретінде 553 мың теңге берді. Негізі құрылыс басталған кезде бізге кім қай үйге қоныстанатынын айтып, «қарап, сапасын бақылауға болады» деп айттыз. Біз дәл солай жасап, тіпті өзім қора да салып алдым, - деді Әйтеке би ауданының тұрғыны Бақыт Исламов. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Жаңа үйлердің кілтін Әйтеке би ауданының әкімі Даулетияр Тоғызбаев табыстады. Ол мердігер компанияларға аз уақытта сапалы нәтиже көрсеткені үшін алғысын жеткізді. Мердігерлер мен Bi Group компаниясы әйтекебилік жаңа қоныс иелеріне тұрмыстық техниканы сыйлыққа берді. Тұрғын үй құрылысына 751,4 млн теңге жұмсалған.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Жаңа үй өте керемет, сапалы салынған. Біз су тасқыны кезінде қыздарымыздың үйіне барып тұрдық. Ал су кеткен соң ескі үйімізді қайта паналадық. Осы күнге дейін амалдап тұрып, жаңа үйге көшіп келіп отырмыз. Құрылыс кезінде күн сайын тексеріп, қарап тұрғанымыз рас. Балам ішінде жүріп, көмектесті. Құрылысшылар да ақылдасып отырды. Бізге бәрі ұнады, - деді Базаргүл Нұржанова.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Айта кетейік, ауданда 150-ге жуық арыз түсіп, комиссияның техникалық бақылауы нәтижесінде 64 жөндеу жұмыстарына тиісті қаражаты бөлінді. 51 үй тұруға жарамсыз деп танылды. Б.Өтемұратов қорының қолдауымен 25 отбасы екінші нарықтағы үйді алуға ынта білдіріп, осыдан 2 ай бұрын баспаналы болды.