Су тасқыны: Ақтөбеде жаңа үйлерді салуға отандық құрылыс материалдары қолданылды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысында бүгінде 500-ден астам үй құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарының басым бөлігі аяқталуға жақын. Мердігерлер отандық құрылыс материалдарына басымдық берген. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысындағы Әйтеке би, Ырғыз, Қобда, Ойыл, Мұғалжар, Темір аудандарында құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Қобда, Мұғалжар аудандарында қазіргі кезде құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын.

- Қазіргі таңда Жағабұлақ ауылында 9 үй, Бірлік ауылында 5 үй салынып жатыр. Екі ауылдағы тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстарын «Айлин СтройПроект» ЖШС-і жүргізді. Мұндағы құрылыс материалдары отандық өнім. Пластикалық терезе, аула ішіндегі тас Ақтөбе қаласынан, ал шарбақтар Қостанай қаласынан жеткізілді. Үйдің іргетасын, қабырғасына қажетті экоблок, кірпіш Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласынан әкелінді. Ішкі жұмыстары аяқталып, қажетті техниканың бәрі қондырылды, - деді «Айлин СтройПроект» ЖШС-нің учаске басшысы Мерген Қанайбеков.

Ал Темір ауданы Құмсай ауылында 21 үй салынып жатыр. Құрылыс жұмыстарына екі мердігер мекеме жауапты.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

- Біз салып жатқан 12 үйдің сыртқы жұмыстары аяқталды. Құрылысқа қажетті экотон, кірпіш толық жеткізілді. Абаттандыру жұмысымен қатар инженерлік инфрақұрылымы ретке келтіріліп жатыр. Осы айдың ортасында қолданысқа бергіміз келеді, - деді «Мұғалжар құрылыс строй» ЖШС-нің учаске басшысы Алтай Еренов.

Сонымен бірге Әйтеке би ауданындағы үйлердің бір бөлігін «Ерейментау» ЖШС жүргізіп жатыр. Мұндағы құрылыс жұмыстары 20-мамыр күні басталды. Қазіргі кезде жұмыс аяқталып, қолданысқа беру үшін қабылдап алу рәсімі өтіп жатыр. 

Айта кетейік, Ақтөбедегі 500-ден астам үйді 50 мердігер мекеме салып жатыр. Үй құрылысына қажетті қаржы BI Group, «Қазақстан халқына қоры», ERG компаниялар тобы мен Болат Өтемұратов қоры арқылы бөлінді.