Су тасқыны: Ақтөбеде Жайсаңбай ауылында жарық өшіп қалды

Фото: Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ақтөбенің Ырғыз ауданы Құйлыс ауылында су деңгейі 6 метрден асты. Ал Жайсаңбай ауылына барар жолда бүгін электр бағанасы құлап, ауылда жарық өшті.

Ырғыз ауданының Құйлыс және Жайсаңбай ауылдарында су тасқынына қарсы күрес жұмысы жалғасып жатыр. 

— Құйлыс ауылына су 4 сәуірден бастап келді. Қазір бір айдан асып кетті. Соңғы тәулікте су деңгейі 2 см көтерілді. Жалпы судың тереңдігі 6 метр болып кетті. Ауылда бүгінде ер адамдар ғана қалып, бөгетті бекіту жұмысын жүргізіп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары келіп, көріп, қосымша ақша бөлінетінін айтты. Ақша бөгетті бекітуге, оны қалыңдатуға жұмсалады.

Фото: Ақтөбе облыстық ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы кезде халық ақша жинап, техника жалдады. Ол ақша бітті. Ырғыз суы келгенде соны пайдаланып, енді Торғай өзенінен келген судан қорғануға әкімдік бөліп жатыр ақшаны. Судың қашан қайтатынын айта алмаймын, — деді Тәуіп ауылдық округінің әкімі Камал Тілеужанов.

Ал Жайсаңбай ауылдық округінде бүгін жарық сөніп қалды.

— Қазір ауылға Торғай өзенінің суы келіп жатыр. Барлығы 6 техника жұмыс істеп тұр. Оның төртеуі КамАЗ, екеуі тиегіш техника. Негізі мұнда Ырғыз өзенінен су келіп, кетті. Ал Торғай өзенінен судың келіп жатқанына 10 күнге жуықтады. Торғай жақтан келген су тереңдігі 28 см болды. 9 тәулікте көтерілгені осы. Күніне 2-3 см көтерілгені байқалады. Қазір тұрақталып тұр. Ауылда бүгінге дейін жарық болып еді. Бүгін сағат 16:00 шамасында Тәуіп пен Жайсаңбай арасындағы электр бағаны құлап, жарық өшті. Гуманитарлық көмекпен келген 4 генераторымыз бар. Аудан орталығымен қатынас үзілді. Оған 5-6 күн болды, — деді Жайсаңбай ауылдық округінің әкімі Руслан Қобанов.

Оның айтуынша, қазір ауылда жеке адамдардың маторлы қайығы бар. Осы арқылы қажетті жанар-жағармай мен қажетті заттарды тасымалдауға болады. Бұған дейін трактормен тасымалдаса, енді тек қайыққа сүйенуге тура келіп тұр.

— Судың өз арнасы 1,5 метр терең болды. Оған Торғай өзенінен су келіп, тереңдігі 1,78 метрге жетті. Әлі 1,5 метр биіктікте бөгетіміз бар. Ұзындығы 3 шақырым болады. Бөгет жарты ай тәрізді, ауылдың бір жақ бөлігінде орналасқан. Жайылма су жан-жағынан қауіп төндіріп тұр. Ауыл халқы бірауыздан көшпей, елде қалды. Негізі эвакуация жасалатыны айтылды. Қазір күні-түні күзет бар. Ауылда 412 адам тұрады, — деді Руслан Қобанов.

Айта кетейік, ауылдан 20 шақырым қашықтықта Құрдым ойпаңы бар. Мұнда су барғанына 5 күн болған. Ауыл тұрғындары су Құрдымға жетсе, жерастына сіңіп кететінін айтып отыр.

Айта кетейік, облыс әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев Ырғыз ауданының Құйлыс ауылына барып, су тасқыны ахуалымен танысты. Ауылдың ер-азаматтары, ТЖМ әскери қызметкерлері бөгетті нығайту жұмыстары жалғасып жатыр. 3,5 шақырым бөгетке 80 мың жана қап қолданылған.

Еске салай кетейік, Ырғыздың Нұра, Белшер, Мамыр ауылдарына су кірді. Ауданда 152 үй жарамсыз деп танылған.