Су тасқыны: Ақтөбенің Ырғыз ауданында 13 мердігер үй салады

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Нұра ауылы енді Сарыоба жеріне салынады. Қазіргі кезде 13 мердігер анықталды.

Фото: "Ауыл" партиясының баспасөз қызметі

Ырғыз ауданының Нұра ауылына үй салу жұмыстары әлі басталған жоқ. Дегенмен мұнда 13 мердігер бекітілген.

- Ырғыз ауданында үйлер Сарыобаға салынатын болды. Барлығы 76 тұрғын үй салынады. Мердігерлер саны - 13. Мұндағы тұрғындардың кейбіріне үй

Ырғыз ауданы орталығынан салынып жатыр. Дайын үйді сатып алып жатқан адамдар да бар,- деді Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Нұра ауылында бұған дейін 112 үй болса, оның басым бөлігіне су кірді. Соңғы деректерге сүйенсек, 68 үй құлап қалған. Мұнда әлі де су толық қайтпаған соң техникалық тексеру, бағалау комиссиясының жұмысына кедергі болып тұр. Ал тұрғындары болса Ырғыз ауданындағы екі эвакуациялық пунктте орналасқан. Аудан әкімі Нұрлан Қызбергеновтің айтуынша, Ырғыз гимназиясы мен №1 орта мектепте барлығы 103 адам тұрып жатыр. 

Еске салсақ, Ырғыз ауданының Мамыр, Белшер, Нұра ауылдарында тасқын кезінде үйлерге су кіріп, тұрғындар эвакуацияланды. Ал Құйлыс ауылының балалары мен әйелдер, қарт адамдар ғана қауіпсіз жерге көшіріліп, арада екі ай өткенге үйіне оралды

Қазіргі кезде мұнда әскерилер мен төтенше жағдайлар қызметкерлері әлі де жағаны бекітіп жатыр. Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің хабарлауынша, өткен тәулікте мұнда 3300 құм толы қап төселді.