Су тасқыны: Ақтөбенің Ырғыз ауданында 51 отбасы баспаналы болды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Ырғыз ауданының орталығында 51 үй қолданысқа берілді. Ал Нұра ауылында 63 үйдің құрылысы әлі жалғасып жатыр.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысы Ырғыз ауданының орталығында 51 үй салынып бітті. Бүгін 51 отбасы жана үйдің кілтін алды.

йлердің бәрі 80 шаршы метр әрі бір үйдегі қызыл кірпіштен салынды. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

— Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ақтөбе облысында су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға қажетті көмек көрсетіліп жатыр. Бірінші және қайталама нарықтағы пәтерлерді сатып алдық. Және де 500 тұрғын үй салып жатырмыз. Бұл ретте табиғи апаттан жапа шеккендерді баспанамен қамтуға демеушілік қолдау жасап жатқан еліміздегі ірі компанияларға, кәсіпкерлерге алғысымызды білдіреміз. Бүгін, міне, Ырғыз ауылынан 51 үйді сіздердің игіліктеріңізге беріп жатырмыз. Жаңа қоныс иелерін шын жүректен құттықтаймын, — деді Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Асылбек Есенбаев. 

Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауданда тасқыннан кейін барлығы 120 үй салуға шешім қабылданған.

Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі

16 мердігер компания Ырғызда — 51, Нұра ауылының Сарыоба жерінде — 63, Мамырда — 6 салуды міндеттеріне алған. 

Үйлерді салуға «ERG» компаниясы демеушілік етті. Сондай-ақ 41 ырғыздық екінші нарықтан үй сатып алса, 7 отбасыға баспаналарын жөндеуге қаржы бөлінді. 

Еске салсақ, өткен аптада Қобда ауданында 117 үй қолданысқа берілді. 

Ақтөбе облысының әкімі барлық құрылыс жұмысы екі аптада аяқталатынын айтты.