Көктемгі су тасқыны кезінде Мұғалжар ауданында 76 үйге су кірді. Барлығы 55 отбасы дайын үй сатып алуды жөн көрді. Ал 7 үй жөнделді. Бірлік ауылынан 5, Жағабұлақтан 9 отбасы жаңа үй салып беруді сұраған.
- Жағабұлақта «Айлин Строй Проект» ЖШС 9 жаңа үйдің құрылыс жұмыстарын аяқтауға жақын. Бір-екі күнде баспаналар пайдалануға беріледі. Тұрғындармен бірге жаңа үйлерді қарап шыққан Асхат Шахаров мердігерлер мен аудан әкімдігіне үйлерге барлық коммуникацияны мерзімінде жеткізуді тапсырды,- деп хабарлады Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Ал Бірлік ауылында 5 үйдің үшеуі толықтай пайдалануға дайын. Екеуінде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Бұл үйлерді де «Айлин Строй Проект» ЖШС салды. Мердігер ұйым өкілдері жақын арада барлық жұмыстарды аяқтауға уәде беріп отыр.
- Табиғи апат кезінде үйім құлады, барлық мүлік суда қалды. Біраз уақыт баспана жалдадық. Жаңа баспанамыз дайын, көп ұзамай көшіп келеміз. Барлық зардап шеккендерге көмек пен қолдау көрсеткен жерлестерге рахмет. Енді мұндай оқиғалар болмасын, - деді Бірлік ауылының тұрғыны Аманғали Рамазанов.
Айта кетейік, жаңа үй салынған аумаққа асфальт төселді. Әр үйге газ, су тартылып, жарық қосылады. Сонымен бірге тұрмыстық техника да бар.
- Мердігерлер жақсы жұмыс істеп, үйлердің құрылысын аяқтап жатыр. Мемлекет тарапынан суы, газы, жарығы тартылады. Жол салынып, тұрғын үй секторының аумағы абаттандырылады. Енді тек үйді қабылдап алу керек,- деді облыс әкімі Асхат Шахаров.
Айта кетейік, су тасқыны кезінде Мұғалжар ауданында 3 коммерциялық нысан мен 8 шаруашылықта шығын тіркелді.