Жаңа үйлердің ауданы - 80 шаршы метр. Үш бөлмелі үйлерде инженерлік желілердің бәрі қосылған. Баспаналардың кілтін салтанатты түрде табыстау рәсіміне облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев, мердігер компания өкілдері қатысып, құмсайлықтарды құттықтады. Әр жаңа қоныс иесіне тұрмыстық техникалар тарту етілді.
-Көктемгі су тасқыны кезінде осы ауылға келгенімізде, халықтың көңіліндегі кірбің мен жанайқайын көрген едік. Қаншама тұрғын баспанасыз қалды. Осындай жағдай еліміздің аймақтарында да болды. Сол кезде Мемлекет басшысы, облыс әкімі, аудан әкімі халықтың ортасында бола білді. Халықтың көкейінде «біз не істейміз, қайда барамыз, болашағым не болады» деген үлкен сұрақ болғаны рас. Қазір, міне, қуанышты күнге жетіп, жаңа тұрғын үйге көшті, - деді Ақтөбе облыстық мәслихат депутаты Боран Ізбасов.
Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Темір ауданында көктемгі су тасқыны кезінде Шұбарқұдық, Құмсай, Еңбекші, Шитүбек ауылдарындағы 98 тұрғын үй суға кетті.
Жүргізілген техникалық тексеру және бағалау жұмыстарының нәтижесінде 224 млн теңгеден астам қаржы бөлініп, 41 үй жөнделді. Сондай-ақ, үйлері апаттық деп танылған 36 отбасыға дайын үй сатып алынса, 21 құмсайлыққа жаңа үй салынды. 63 отбасы бүлінген жылжымалы мүліктері үшін 26 млн теңге ақшалай көмек алды. Құрылыс жұмыстарын «Мұғалжар Строй» ЖШС және «Tаf Company» ЖШС жүргізді.
- Көктемгі су тасқынының қарқыны қатты әрі су көлемі көп болды. Өңірде болған төтенше жағдай кезінде су тасқынының салдарын жою және оған қарсы іс-шараларды өткізуге белсенді атсалысып, шыдамдылық танытқандарыңызға алғысымды білдіремін. Бүгінгі қуаныштарыңыз құтты болсын, жаңа шаңырақтарыңызға құт-береке, бірлік тілеймін,- деді Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев.
Еске салсақ, бұған дейін Әйтеке би, Ойыл, Қобда, Ырғыз және Мұғалжар аудандарында су тасқынынан зардап шеккендерге салынған 350 жаңа үйдің кілті табысталды.
Қалған 150 баспананың құрылысы аяқталуға жақын. Бұдан бөлек 513 отбасы дайын үйге көшті.