ОРАЛ. KAZINFORM — Су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысында төтенше жағдай жарияланды.
Ашық НҚА порталында БҚО әкімі Нариман Төреғалиевтің Батыс Қазақстан облысының аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешімі шықты.
Аталған шешімге сәйкес облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жою басшысы болып тағайындалып, оған табиғи сипаттағы төтенше жағдайды жоюға бағытталған іс-шараларды жүргізу тапсырылды.
Шешімнің орындалу барысын өңір басшысы бақылайды.
Бұдан бұрын БҚО-да Орал қаласы мен Бөрлі, Теректі, Қаратөбе және Сырым аудандарында төтенше жағдай жарияланған еді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Елек өзенінде су деңгейі қауіпті деңгейден асып кеткенін жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-да Подстепный ауылында су басқан үйлер саны есептеліп жатыр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).