Су тасқынынан зардап шеккен кейбір ақтөбеліктер комиссия шешімімен келіспей, сотқа шағым түсірді. Ақтөбе облыстық соты баспасөз қызметінің хабарлауынша, барлығы 182 талап-арыз түссе, оның 169-ы қаралып, 133 талап арыз медиация тәртібімен шешілді. Қазіргі кезде үш ақтөбеліктің талабы қанағаттандырылды. Соның бірі - Темір ауданындағы «Айлин» шаруа қожалығы. Қожалық иесі мал шығынын өтеуге қарсы болған комиссия шешімін заңсыз деп тануды сұрады.
- Шаруа қожалығының басшысы Темір ауданы әкімдігіне табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан келтірілген материалдық зиянды өтеу туралы арыз жазды. Ал комиссия шаруа қожалығының материалдық шығынын төлеуден бас тарту шешімін шығарады. Онда су тасқыны кезінде жоғалған малдың өлген жері туралы нақты ақпарат ұсынылмаған, мал өлексесі болмаған деп жазылған. Шаруа осы шешімді заңсыз деп тануды, қолайлы әкімшілік акт қабылдауға мәжбүрлеуді сұраған. Заңнамаға сәйкес аталған алгоритмде материалдық зиян малдың өлексесі табылған жағдайда төленуі тиіс деген талаптар қарастырылмаған. Бұл жерде төлем ауыл шаруашылығы жануарларының бірдейлендіру базасының мәліметтеріне сай төленеді деп көрсетілген. Талап қоюшы шаруа қожалығының талап арызы қанағаттандырылды. Темір аудандық бағалау жөніндегі комиссиясының шаруа қожалығына материалдық шығынды төлеуден бас тарту туралы хаттамалық шешімі заңсыз деп танылды және күші жойылды. Жауапкерлер соттың құқықтық ұстанымын ескере отырып әкімшілік актіні талап қоюшының пайдасына қабылдауға міндеттелді,- деп хабарлады Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі. Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, Ақтөбеде шаруалардың қора, үй шығыны әлі өтелген жоқ.