ОРАЛ. KAZINFORM - Су тасқынына байланысты Батыс Қазақстан облысы Сырым және Бөрлі ауданында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.
Сырым ауданы әкімінің биылғы 28 наурыздағы шешімі шықты. Сондай-ақ Бөрлі ауданы әкімінің бүгінгі шешімімен төтенше жағдай жарияланды.
Осыған орай аталған ауданда қажетті іс-шаралар атқарылады. Бұған дейін облыста Орал қаласы және Қаратөбе, Теректі аудандарында төтенше жағдай жарияланған еді.
Сонымен қатар қиын жағдайға душар болған тұрғындарға көмек көрсету мақсатында қайырымды азаматтар үшін өңірде «Ақжайық» қоры ашылды.
Еске сала кетейік, Батыс Қазақстанда суға кеткен ауылдан тұрғындар тікұшақпен эвакуацияланып жатқанын жазған болатынбыз.
Сондай-ақ БҚО-ның Қаратөбе және Теректі ауданында төтенше жағдай жарияланды.
Су тасқынына дайын болу үшін Орал тұрғындарына ескерту жарияланды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).