Су тасқынынан аман шығуымыз ел бірлігінің арқасы деп білемін – полиция қызметкері

Фото: Кейіпкерден

ОРАЛ. KAZINFORM – Су тасқынымен күреске белсене қатысып, мемлекеттік марапат алғандардың бірі, Орал қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны саптық бөлінісінің қызмет аға инспекторы, полиция капитаны Бақытжан Сатыбалдин Kazinform тілшісінің сауалдарына жауап берді.

- Мемлекет басшысының қолынан алған «Ерлігі үшін» медаліңіз құтты болсын! Полиция қызметіне қалай келдіңіз, бала күннен армандадыңыз ба? Алдымен сол жөнінде айтып өтсеңіз?

– Иә, бала күнімнен армандадым десем болады. Ақжайық ауданы Тайпақ ауылында туып-өсіп, Краснояр орта мектебін бітіргеннен кейін әскери борышымды өтедім. Содан соң жүрек қалауымен жол полициясына келдім. 2011 жылдың мамыр айынан бері ішкі істер органдарында қызмет атқарып келемін.

- Өз қызметіңіздің қиындығы неде деп ойлайсыз?

- Әрбір жұмыстың қиындығы болады ғой. Басқа саламен салыстырғанда, пәлендей айырмашылығы жоқ деп ойлаймын. Бір ерекшелігі, жеке өмірімізге уақыттың аз қалатыны болар. Халықпен жұмыс істегеннен кейін кім-кіммен де дұрыс сөйлесе білу маңызды. Психологиялық жағынан әркім әр түрлі қабылдайды ғой, сол кезде дұрыс шешімін таба білу керек. Осы қызметке әбден үйреніп кеткендіктен болар, ерекшелігін тап сезініп те жатқан жоқпыз.

- Биылғы су тасқыны елге оңай соқпағаны белгілі. Алғы шепте полиция қызметкерлері де жүрді. Екі жасөспірім қызды қалай құтқарып қалдыңыз?

- Бұл 21 сәуір күнгі болған оқиға еді. Қызмет бабында үш квадроциклмен жүрдік. Саяжайларды төтеннен су басқан кезде барлық ауыр техникалар қарсы шығып жатты. «КамАЗ» жүргізушілерінің бірі тоқтап, саяжай үйінде екі қыздың қалып қойғанын ескертті. Жолды су шайып кеткен. Бергі бетте тұрғандардың бірі – әйел адам «Қыздар қалып қойған үйді білемін», деп жол көрсетті. Барсақ, кәмелетке толмаған екі қыз ұйықтап жатыр екен. Оятып, құжаттарын алып, кері шықтық.

- Президент қолынан марапат алған кезде қандай көңіл күйде болдыңыз?

- Әрине, ерекше сезім құшағында болдым. Оны тіпті сөзбен айтып жеткізу қиын. Марапат аламыз деп мүлде ойлаған емеспіз. Үш ұйықтаса, түсімізге енбеген жайт қой. Су тасқыны кезінде ерлігімен, еңбегімен көзге түскендер аз болған жоқ. Президентіміздің өзі де олардың қатарында кәсіпкерлер, еріктілер, өзге елдің азаматтары болғандығын атап көрсетті. Су тасқынынан аман шығуымыз ел бірлігінің арқасы деп білемін. Сондықтан халқымыз аман болсын!

- Алдағы арман-мақсаттарыңыз қандай?

- Өз қызметімді барынша адал атқарып, елдің, әріптестерімнің сенімін ақтай білсем, одан артық абырой жоқ.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ұлттық ұлан жауынгерінің мемлекеттік марапат жауапкершілікті еселей түсетіні туралы айтқанын жазған болатынбыз.