Бұл туралы бүгiн ҚР ІІМ ТЖК Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы Алексей Советов мәлiм еттi.
«Республикамыздың алты облысында тасқын салдарынан автомобиль жолдарының 140 учаскесі бұзылған, соның 63 учаскесі қалпына келтірілді. 7 көпір бұзылды. Жергілікті жерлерде жолдарды нығайту, ескерту белгілерін орнату, қосалқы жол қозғалысын ұйымдастыру, жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде», - деді ол бүгін комитетте өткен брифингте.
Оның айтуынша, жалпы өткен тәулікте 545 адам эвакуацияланды, 111 бас үй жануары қауіпсіз жерге айдалды, 39 174 текше метр еріген қар суы сорылды, 6030 метр уақытша бөген салынды.
Еске сала кетейік, сәуір айының алғашқы күндерінде елдің алты облысында көктемгі қардың күрт еруіне байланысты ондаған ауылды, жүздеген үйді су басқан болатын. Ең ауыр жағдай Қарағанды облысында тіркелді. Қазірдің өзінде Мұстафин атындағы ауылда 267 үй су астында тұр.
23 наурыздан бастап барлығы 16 063 адам эвакуацияланды, 43 034 бас үй жануары қауіпсіз жерге айдалды, 269 151 текше метр еріген қар суы сорылды, 21 823 метр уақытша бөгеттер салынды, 3 211 метр бөгет қалпына келтірілді, 88 212 қап құм салынған қап төселді. Тасқынға қарсы іс-шараларға 6450 адам жұмылдырылып, 1736 бірлік техника, 131 су сорғыш құрылғы, 115 жүзу құралы тартылды.
Апаттан келген шығынды әрбір облыста жергілікті биліктің жанынан құрылған комиссиялар анықтап жатыр.