Су тасқыны қаупіне байланысты ІІМ бөлімшелері тәуліктік режимде апаттық-құтқару жұмысына дайын тұр - В. Божко

АСТАНА. ҚазАқпарат - Су тасқыны қаупінің туындауына байланысты Ішкі істер министрлігінің барлық бөлімшелері тәуліктік режимде апаттық-құтқару жұмыстарын енгізуге дайын тұр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихаты барысында Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко мәлім етті.

«Атап айтқанда, Ішкі істер министрлігінің қосымша күштері мен құралдары Қарағанды облысына орналастырылды. Бұдан бөлек, Ақмола облысында апаттық құтқару топтарының жұмысы күшейтілген режимде жұмыс істейді. Тұтастай алғанда, барлық құтқару бөлімшелері апаттық-құтқару жұмыстарын енгізу үшін тәуліктік режимде дайындыққа өтті», - деді В.Божко.

Оның айтуынша, төтенше жағдайлар туындаған аймақтарда 4 515 құтқарушы, өрт сөндірушілер мен Ұлттық гвардия әскерилері, 1 221 арнайы және құтқару техникалары, 74 жүзу құралдары апаттық-құтқару жұмыстарына жұмылдырылған. Су соратын 106 құрылғы орнатылды.

«Өзендер мен бөгеттердегі су деңгейіне тәуліктік мониторинг жүргізіліп жатыр, қалыптасқан жағдайлар туралы жергілікті жұртшылық уақытылы ақпараттандырылуда», - дейді министр орынбасары.

Еске салайық, брифинг барысында белгілі болғанындай, су тасқынының қаупі туындаған аймақтардан 11 мың 172 адам көшірілген. 25 адам құтқарылса, Ақмола, Қарағанды, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының 17 ауданында 50 елді мекенді су басқан.

Бұдан бөлек, он шақты елді мекенде төтенше жағдайлар қатері туындап отыр.