Су тасқынының шығынын жабу үшін мектеп құрылысын тоқтату қажет - Ақтөбе әкімі

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі су тасқыны кезінде зардап шеккен тұрғындардың шығыны әлі есептеліп жатыр. Жергілікті билік шығынды жабу, алдағы уақытта болуы ықтимал тасқынының алдын алу үшін республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге сұрап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі су тасқыны кезінде барлығы 5 көпір қирап қалған. Қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Құрылыс жұмыстарына шамамен 190 миллион теңге жұмсалауы мүмкін. Сонымен қатар су арнасын тазарту, кеңейту, жағаларды бекіту жұмыстары екі өзенде жүргізіледі. Қарғалы мен Елек өзенінен өзге Жаман Қарғалы, Жіңішке, Тамды, Бұлақ өзендері де тазартылуы керек. Бұл жұмыстардың шығыны 4,9 миллиард теңге болады.

«Қазір Бауырластар-4 ауылынан 532 жер телімі бөлінді. Жобалық-сметалық жұмыстарға, сонымен қатар инфрақұрылымдарды жеткізуге 2,5 миллиард теңге қажет. Қазіргі кезде құжаттары жасалып жатыр. Саяжайда тұрған азаматтар ол үйді ала ала ма, жоқ па? Біз қазір оны нақты айта алмаймыз. Бәрі заң бойынша шешіледі. Қазір негізгі көмек «Қолқанат Ақтөбе» қорынан беріліп жатыр. Себебі, жергілікті қазынадан бөлетін болсақ, мектеп салатын ақшаны тоқтатып, су тасқынына беруіміз керек болады. Су келді екен деп үлкен ақша еш жерден бөлінбейді. Республикадан 10,5 миллиард теңге ақша сұрадық. Қаржы су тасқынының салдарымен күреске бағытталады. Біз саяжайды түгел көшіріп, ол жер тек жаз айларында көкөніс егіп, бау-бақша қызметін атқарады немесе мүлде ештеңе болмайды. Осы жолда жұмыс істеп жатырмыз»,- деді қала әкімі Ілияс Испанов.