Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, қазіргі таңда облыс соттарында мемлекеттен берілген субсидияларды қайтаруға қатысты 1000-нан астам азаматтық іс қаралып жатыр.
Талдау нәтижелері көрсеткендей, негізгі түйткіл — Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы бұйрығында көзделген талаптардың тиісті деңгейде орындалмауы.
— Атап айтқанда, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімдері субсидияланған мал басының сақталуына тоқсан сайын мониторинг жүргізуге міндетті болғанымен, бұл талап толық орындалмаған. Соның салдарынан кәсіпкерлер бірнеше жылдан кейін ғана «міндеттемені бұзды» деген негізде сотқа тартылып отыр, — делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Кей жағдайларда мониторинг тек прокуратураның ұсынысынан кейін жүргізілген. Ал бірқатар істе мемлекеттік органдар кәсіпкерлер ұсынған дәлелдерді толық зерделемей, сотқа талап-арыз берген.
— Мәселен, Келес ауданында 2021-2024 жылдары 227 млн теңгеден астам субсидия беріліп, оның 103 млн теңгеден астамы қайтаруға жатқызылған. Алайда бұл шешімдердің бір бөлігі жеткілікті тексерусіз қабылданған. Тіпті деректерге сәйкес келген жағдайлардың өзінде кәсіпкерлер сот дауына тартылған, — делінген ресми ақпаратта.
Түркістан облысы Кәсіпкерлер палатасының жетекші сарапшысы Сержан Сартбаев мемлекеттік органдар тарапынан бірқатар олқылық жіберілгенін атап өтті.
— Біздің талдауымыз көрсеткендей, кейбір жағдайларда мониторинг уақытында жүргізілмеген, ал кәсіпкерлердің деректері толық тексерілмей, сотқа талап арыздар жолданған. Бұл кәсіпкерлерді негізсіз дауларға тартып, олардың жұмысына кедергі келтіріп отыр, — деді ол.
Сондай-ақ талдау барысында бірқатар аудандық прокуратура мен ауыл шаруашылығы бөлімдері ресми сұраныстарға уақтылы жауап бермегені анықталған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мұндай сұраныстарға 15-30 жұмыс күні ішінде жауап берілуі тиіс. Алайда ақпараттың толық ұсынылмауы мәселені жан-жақты зерделеуге кедергі келтірген.
Бұдан бұрын Түркістан облысында 20 млн теңге субсидияны заңсыз алған кооператив басшысы сотталғанын жазған едік.