Субұрқаққа шомылу қауіпті – маман

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысында барлығы 35 субұрқақ орналасқан.

Фото: Александр Павский / Kazinform

БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз маманы Кенжегүл Мұхитованың мәлім еткеніндей, күні бүгінге дейін соның 11-і іске қосылды.

Оның сөзіне қарағанда, екі субұрқақта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, үшеуі жұмыс жасамайды. Қалған 19 субұрқақты биылғы 1 маусымға дейін іске қосу жоспарланып отыр.

Жыл сайын мамыр-қыркүйек айлары аралығында субұрқақ суларына санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг жүргізіліп, вирусологиялық зерттеулер үшін су сынамалары алынады.

Департамент дерегіне сәйкес өткен жылдың қорытындысы бойынша субұрқақ сулары вирусты А гепатиті, ротовирус және энтеровирус көрсеткіштеріне зерттеліп, барлық сынамалардан оң нәтиже анықталған жоқ.

Жаз мезгілінде субұрқақтар тұрғындардың, әсіресе, балалардың көп жиналатын орнына айналады. Кейбір тұрғындар субұрқақ маңында серуендеп қана қоймай, оның суына шомылады. Алайда субұрқақтар шомылуға арналмағанын ескерген жөн.

- Субұрқақ суында шомылу жіті ішек инфекцияларының, респираторлық аурулардың таралуына себеп болуы мүмкін. Әсіресе, энтеровирустық және ротовирустық инфекциялар, вирусты А гепатиті секілді ауруларды жұқтыру қаупі жоғары. Сонымен қатар паразиттік және өзге де жұқпалы аурулардың таралу қаупі бар, - дейді К.Мұхитова.

Маманның айтуынша, субұрқақтағы су жиі жаңартылмайды. Оған қоса, субұрқақтарға құстар мен қаңғыбас жануарлар түсіп, түрлі инфекция қоздырғыштарын таратуы ықтимал. Ал жаздың ыстық күндерінде судағы микроорганизмдер өте жылдам көбейеді.

- Батыс Қазақстан облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті тұрғындарды сақтық шараларын сақтауға, субұрқақтарда шомылудан бас тартуға және өздері мен жақындарын инфекциялық аурулардан қорғауға шақырады. Әсіресе, ата-аналар балаларға субұрқақтарда шомылудың қауіпті екенін түсіндіріп, олардың қауіпсіздігіне мұқият қарауы қажет, - деп қосты К.Мұхитова.

Облыста жыл басынан бері 175 адам жіті ішек инфекцияларымен сырқаттанды, бұл өткен жылғы осы кездегіден (169) 3,55 пайызға көп. Соның ішінде 132-сі – 14 жасқа дейінгі балалар.

Биыл 1 дизентерия жұқпасы тіркеліп, өткен жылғыдан (8) едәуір төмендеді.

Сол секілді сальмонеллез 2,92 есеге (2025 жылғы төрт айда – 35, 2026 жылы – 12, мұның 8-і – балалар) азайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда 140-тан астам адамның жіті ішек жұқпаларымен ауырғанын жазған едік.