Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) мәліметінше, 14-15 тамызда Шикан ауданындағы Ум-Арда, Тамид және Аль-Хор-эль-Абьяд ауылдарынан шамамен 4250 адам қоныс аударған.
Тұрғындардың бір бөлігі Шикан ауданындағы басқа елді мекендерге, қалғандары ел астанасы Хартумның батысында орналасқан Омдурман қаласына бет алған.
ХКҰ өңірдегі жағдай әлі де шиеленісті әрі тұрақсыз екенін атап өтті. Ұйым ахуалды бақылауды жалғастырып жатыр.
Бұған дейін тәуелсіз Emergency Lawyers құқық қорғау ұйымы Ум-Арда ауданында Жедел қолдау күштерінің (RSF) шабуылынан 14 бейбіт тұрғын қаза тауып, тағы ондаған адам жараланғанын хабарлаған.
Суданның әскери дереккөздерінің мәліметінше, армия Солтүстік Кордофан штатының әкімшілік орталығы Эль-Обейдтің оңтүстік-батысындағы Джебель-Хашаба және Ум-Арда аудандарында RSF шабуылына тойтарыс берген. Судан Қарулы күштері Джабра-эш-Шейх ауданындағы тағы бір шабуылдың да тойтарылғанын мәлімдеді.
Армия мен RSF арасындағы қақтығыстар 2025 жылғы қазаннан бері Кордофан аймағының Солтүстік, Батыс және Оңтүстік Кордофан штаттарында жалғасып келеді.
Судан армиясы мен Жедел қолдау күштері арасындағы қарулы қақтығыс 2023 жылғы сәуірде басталған. БҰҰ бағалауынша, содан бері ондаған мың адам қаза тауып, шамамен 13 млн адам үйін тастап кетуге мәжбүр болған.
Айта кетейік, бұған дейін ДДҰ басшысы Суданда тырысқақ ауруы өршігенін хабарлады.