Судандағы Қазақстан азаматтары қауіпсіз жерге шығарылды - министрлік

Фото: Фото: bbc
АСТАНА. ҚазАқпарат – Судандағы Қазақстан азаматтары қауіпсіз жерге шығарылды. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында тілшілер Судандағы Қазақстан азаматтарын шығаруға қатысты сұрақ қойды.

«Суданда үш азаматымыз болған. Олар қауіпсіз жерге шығарылғаны туралы ақпарат бар. Біреуі БҰҰ жүйесінде қызмет еткен. Ол Эфиопия астанасына жеткізілді. Екінші азамат жапон компаниясында жұмыс істеді. Ол Жапопия дипломаттары көмегімен Суданнан шығарылды», - деді А. Смадияров.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл сәуір айында Суданда күш құрылымдары арасында қарулы қақтығыс басталды.

Қақтығыстың бесінші күнінде Судан денсаулық сақтау министрлігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына (ДДСҰ) 270 адамның қаза тапқанын және 2600-ден астам адамның жарақат алғанын мәлімдеді.