— Судьяларды іріктеуге арналған меншікті ақпараттық жүйенің 5 негізгі моделі әзірленді. Осы жылдың екінші жартысында бұл жүйені конкурстарға қатысу үшін құжаттарды қабылдау бөлігінде пилоттық режимде іске қосу жоспарланып отыр. Кейін сынақ нәтижесіне қарай оны біліктілік емтиханының рәсімдеріне кезең-кезеңмен енгізу көзделген. Бұл жүйе қағаз айналымын барынша қысқартуға, кадрлық процестердің басым бөлігін автоматтандыруға, конкурстық рәсімдердің мерзімін қысқартуға, адами фактордың ықпалын азайтуға және қабылданатын кадрлық шешімдердің ашықтығы мен айқындығын арттыруға мүмкіндік береді, — деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте.
Кеңес мүшесі елімізде кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың жаңа сапалы моделі жасақталғанын атап өтті.
— Ең бастысы, бұл өзгерістер нақты нәтиже беріп отыр. Кадр тапшылығы азайып келеді. Конкурстық рәсімдер жеделдеді. Біліктілік емтиханы жаңғыртылды. Кадрлық резерв нығайды. Судьяларды іріктеу жүйесінің ашықтығы мен оған деген сенім арта түсті. Бірақ біз үшін ең маңызды көрсеткіш тағайындалған судьялардың саны емес. Біздің мақсатымыз — сапа. Басты нәтиже — сот жүйесіне кәсіби білігі жоғары, тәуелсіз, әділ әрі қоғам сеніміне ие судьялардың келуі. Өйткені әділ сот — құқық үстемдігінің де, азаматтардың мемлекетке деген сенімінің де басты кепілі, — деді Жанат Оспанова.
Бұған дейін елімізде судьяларды іріктеу толыққанды балдық бағалау жүйесіне көшетінін жазған едік.