Сурдлимпиадада Қазақстанның дзюдодан ерлер және әйелдер құрамасы 3-орын алды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бразилияның Кашиас-ду-Сул қаласында өтіп жатқан 24-ші жазғы сурдлимпиада ойындарында дзюдодан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары үшінші орынға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық бапкер Теміржан Хасанғалиевтің мәлім еткеніндей, әйелдер арасында командалық жарыста Украина құрамасы чемпион атанса, оңтүстіккореялықтар екінші, Қазақстан үшінші орынға көтерілді.

Ерлер арасында Украина үздік шықса, оңтүстіккореялықтар күміс, Франция мен Қазақстан қола жүлдегер атанды.

Әйелдер арасында ел құрамасы сапында батысқазақстандық Дина Ержанова өнер көрсетті. Дина 52 келіге дейінгі салмақта жекелей сында да үздік үштікке іліккен болатын.

«Осымен сурдлимпиадада дзюдо жарысы мәреге жетті», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Т.Хасанғалиев.

Еске сала кетейік, қазақстандық спортшының Бразилиядағы сурдлимпиада ойындарында қола жүлдегер атанғанын жазған болатынбыз.

Бұдан бөлек, қазақстандық дзюдошылар тағы үш медальді жеңіп алды.

Қазақстан қоржыны екі медальмен толықты.