Қаражат 2025 жылы Токиода өткен XXV жазғы Сурдлимпиадада жүлде алған спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын марапаттауға бағытталды.
Барлығы 32 спортшы мен 42 жаттықтырушы сыйақы алды. Төлем мөлшері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленген: алтын медаль үшін — 130 млн теңге, күміс медаль үшін — 78 млн теңге, қола медаль үшін — 39 млн теңге. Сондай-ақ 4-6 орын алған спортшыларға 2,5 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін сыйақы төленді. Сурдлимпиадаға 81 елден шамамен 3 мың спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы спорттың сегіз түрі бойынша өнер көрсетіп, жалпыкомандалық есепте 9-орын алды.
-Ел қоржынына 25 медаль түсті: 8 алтын, 4 күміс және 13 қола. Төлемдерді жүзеге асыру туралы шешім спортты мемлекеттік деңгейде жүйелі қолдаудың бір бөлігі және жоғары жетістіктер спортын одан әрі дамытуға, сондай-ақ Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін нығайтуға бағытталған,-делінген хабарламада.
Осыған дейін Қазақстан спортшыларының 4–10 мамырда қандай жарыстарда бақ сынайтыны туралы жаздық.