Су шаруашылығы мамандарының жалақысы тағы 15% өсті

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылғы 1 сәуірден бастап Қазақстанның су шаруашылығы қызметкерлерінің еңбекақысы тағы 15%-ға артты. Былтыр «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы 50%-ға көтерілген болатын.

Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі

Бұл туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов баяндады.

Вице-министрдің айтуынша, 2025 жылы «Табиғи монополиялар туралы» Заңға су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің жалақысын 50%-ға дейін арттыруды көздейтін өзгерістер енгізілді.

Аталған өзгерістер суару, ауыз сумен жабдықтау және су бұру салаларында қызмет көрсететін су секторындағы 25 мыңнан астам қызметкерді қамтуға мүмкіндік берді.

— Осы түзетулердің нәтижесінде 2025 жылғы 1 шілдеден бастап «Қазсушар» РМК қызметкерлерінің орташа жалақысы 50%-ға, яғни 203 мың теңгеден 326 мың теңгеге дейін өсті. Бұл ретте ең төменгі жалақы 2 еседен астамға — 85 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін артты, — деді Ж. Сәлімов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар, 2026 жылғы 1 сәуірден бастап қызметкерлердің жалақысы тағы 15%-ға арттырылды.

Аталған шаралар білікті мамандарды тартуға, кадрлардың тұрақтамауын азайтуға, қызметкерлердің кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.

— Алдағы уақытта министрлік су шаруашылығы саласы қызметкерлерінің еңбекақысын электр және жылу энергетикасы салаларындағы еңбекақы деңгейімен теңестіру жұмысын жалғастырады, — деді Ж. Сәлімов.

Айта кетейік, Қазақстанда 2030 жылға дейін 42 жаңа су қоймасы салынады. Сондай-ақ 37 су қоймасы мен 110 гидротехникалық құрылыс қайта жаңғыртылып, 14,5 мың шақырым канал жөнделеді.

Сонымен бірге, 142 ауылдың су инфрақұрылымы жаңарады.