Сүт бағасы неге қымбаттап жатыр: Бәсекелестік агенттігі қолдау шарттарын қайта қарауды ұсынды

АСТАНА. KAZINFORM — Сүт өндірісі артқанымен, дүкен сөрелеріндегі баға өсуін тоқтатқан жоқ. Бәсекелестікті қорғау агенттігі субсидиялау, жеңілдетілген несие беру және сүт бағасын реттеу тетіктерін өзгертуді ұсынды.

Фото: Kazinform/ЖИ

Агенттіктің мәліметінше, мамандар 2024–2025 жылдардағы сүт өнімдерін (сүт, айран) көтерме саудада өткізу нарығындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізуді аяқтаған.

Сүт саласында отандық өнімнің ішкі нарықтағы үлесі жоғары болып, өндіріс көлемінің оң динамикасы байқалады. Сонымен қатар жекелеген өңдеуші кәсіпорындар өндірістік қуаттарды толық пайдалану үшін шикі сүт жеткізу көлемінің жеткіліксіз екенін атап өтті.

— Талдау нәтижелері сүт өнімдерін өндіру көлемінің өсуіне қарамастан, зерттелген кезеңде сүт пен айранның бөлшек саудадағы бағасының өсуі жалғасқанын көрсетті. Нарық субъектілерінің мәліметінше, бағаның өсуіне шикі сүт, газ, су, электр энергиясы және жанар-жағармай құнының артуы негізгі фактор болған. Дистрибьюторлар арқылы өткізу кезінде тасымалдау, сақтау, өнімді сату шығындары мен сауда үстемесі есебінен сүттің бағасы қосымша өседі, — делінген хабарламада.

Зерттеу аясында Агенттік сүт өнімдері нарығындағы бәсекелестік жағдайына әсер ететін қолданыстағы мемлекеттік қолдау тетіктерін де қарастырды.

Мәселен, 2025 жылы сүт өндіруді субсидиялау көлемі 21,3 млрд теңгеден 28,8 млрд теңгеге дейін ұлғайған. Оның 77,5%-ы ірі шаруашылықтарға тиесілі. Қолданыстағы субсидиялау нормативтері мал басына қарай сараланған төлем мөлшерін көздейді.

Сонымен бірге өнімділікті арттыру және тауар нарығында тең бәсекелестік жағдайларын қамтамасыз ету мақсатында шағын шаруашылықтарды қолдау тиімділігін арттыру қажеттілігі сақталып отыр.

Жеңілдетілген кредиттеу тетігінде де шектеулер анықталды. Мемлекеттік бағдарлама аясында сүт-тауар фермаларын салу және кеңейту жобаларын қаржыландыру кемінде 400 бас ірі қараға арналған жобалар үшін көзделген. Мұндай талаптар өндіріс көлемін ұлғайту әлеуеті бар шағын шаруашылықтардың осы қаржыландыру тетігіне қол жеткізуін шектейді.

Сондай-ақ қолданыстағы қағидаларға сәйкес өңірлік іріктеу талаптары бәсекелестікті шектеуі мүмкін жағдайлар анықталды. Мәселен, Ақтөбе облысында жеңілдетілген кредиттеу бойынша өтінімдерді қабылдау кезінде «Ақтөбе» ӘКК қаржыландырылатын сүт-тауар фермаларының қуаттылығын 1 500 басқа дейінгі аралықпен шектеген, бұл ретте кредиттеу бойынша жоғарғы шек белгіленбеген. Аталған мән-жайларды Агенттіктің аумақтық департаменті қосымша зерделеп жатыр.

— Батыс Қазақстан облысында «AQJAIYQ» ӘКК әрекеттерінен бағаны тұрақтандыру тетігін іске асыру кезінде жекелеген кәсіпкерге артықшылық беру белгілері анықталды. Бұл тетік нарықта баға өскен жағдайда кәсіпкердің алынған қаражат есебінен әлеуметтік маңызы бар сүтті белгіленген бағамен жеткізуін көздейді. Кәсіпкер 2024 жылы қаражат алғанымен, өнім жеткізуді жүзеге асырмаған. Тетікті іске қосуға негіз болған жағдай туындағанына қарамастан, міндеттемелерді орындау мерзімі 2026 жылдың соңына дейін ұзартылған. Ал басқа нарық қатысушысымен жасалған шарт комиссия шешімімен бұзылған, — деп хабарлады агенттіктен.

Талдауда бәсекелестікті бұрмалаудың негізгі факторларының бірі ретінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары (ӘМАТ) тізбесі аясындағы бағаны реттеудің кең ауқымы көрсетілген. Атап айтқанда, сүт пен айран бойынша реттеу майлылығы 2,2%-дан 6%-ға дейінгі өнімдердің барлық түріне, оның ішінде өңдеу тәсілі мен қаптамасының түріне (соның ішінде қымбат картон қаптамаға) қарамастан қолданылады. Бұл бизнеске қосымша жүктеме түсіріп, тізбенің әлеуметтік бағыттылығын әлсіретеді. Салыстыру үшін, тауық жұмыртқасы бойынша реттеу тек бір санатқа — С1 санатына қатысты сақталған.

Бәсекелестікті дамыту мақсатында жоспарлы талдау қорытындысы бойынша Агенттік субсидиялау нормативтерін шағын шаруашылықтардың мүдделерін ескере отырып қайта қарау, жеңілдетілген кредиттеуге қолжетімділікті кеңейту, ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту, субсидия төлемдерінің кезектілігін автоматтандыру және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары тізбесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеп, уәкілетті органдарға жолдады.

Агенттіктрің дерегінше, антимонополиялық ден қою аясында нарық субъектілеріне баға және шарттық кемсітушілік белгілері бойынша 8 хабарлама, сондай-ақ «AQJAIYQ» ӘКК-ге нарықтың жекелеген қатысушыларына артықшылық беру белгілері бойынша хабарлама жолданған.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда коммуналдық-тұрмыстық көмір сату тәртібі өзгеруі мүмкін екенін жаздық. Бәсекелестікті қорғау агенттігі делдалдар мен көлеңкелі схемаларды шектеп, халыққа көмірді тең әрі ашық шарттармен жеткізуге бағытталған жаңа қағидаларды әзірледі.