Су тапшылығы Орталық Азияның экономикалық өсімін тежейді — БҰҰ
ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан астанасында «Орталық Азиядағы су дипломатиясы: мәселе, шешім және ынтымақтастық» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Іс-шараға белді халықаралық сарапшылар, Өзбекстан экология министрлігінің өкілдері, депутаттар мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы өкілдігінің мамандары қатысты.
БҰҰ-ның зерттеуіне сәйкес, алдағы жылдары Сырдария мен Әмудария өзендерінің суы 15 пайызға дейін азаюы мүмкін. Тиісінше, бұл Орталық Азия елдерінің экономикалық дамуына теріс әсер етеді. Атап айтқанда, су тапшылығынан аймақтың жалпы ішкі өнім көлемі (ЖІӨ) 11 пайызға қысқаруы ықтимал.
Сарапшылар мәселенің шешімі ретінде өңірдегі ынтымақтастықты нығайтып, су дипломатиясын дамытуды ұсынып отыр. Мамандардың ойы барлық тараптың мүддесін ескере отырып, тиімді стратегия қабылдау қажет дегенге саяды.
Осы ретте БҰҰ сарапшылары су шаруашылығы мамандарын даярлауға екпін түсіру орынды екенін атап өтті. Сәйкесінше ұйым Орталық Азия елдеріне қажетті кадрларды оқыту, олардың біліктілігін арттыру жоспарына қолдау көрсетпек.
Еске салайық, таяуда Kazinform агенттігіне сұхбат берген сарапшы Динара Зиганшина Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесін тек сындарлы диалог арқылы шешуге болатынын айтты.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Халықаралық табиғатты қорғау одағы Орталық Азиядағы су дипломатиясын дамытуға ниетті.
Сонымен қатар Орталық Азия мен Ауғанстан су шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі.
Биыл сәуірде Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеген еді.