Орталық Азия мен Ауғанстан су тапшылығы мәселесін қалай шешпек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесін тек сындарлы диалог арқылы шешуге болады. Мұндай пайымды Ташкентте өткен су дипломатиясы тақырыбындағы коференцияда Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы ғылыми-ақпараттық орталығының директоры Динара Зиганшина айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Орталық Азия елдерінде су саласында сарапшылардың пікірі тиісті деңгейде ескеріледі. Осы орайда, бізге олардан нақты талдау мен ұсыныс қажет. Зерттеулер ықтимал қатерлер мен шиеленістердің алдын алу үшін маңызды. Су дипломатиясының мақсаты - өзара тиімді диалог орнату. Елдің ұстанымын алға тартып, өзгенің ойы мен пайымын естімеу мәселенің шешімі бола алмайды. Сондықтан бір-бірімізді тыңдап, нақты дәлел негізінде ортақ байламға келетін форматты қалыптастыру қажет. Ол үшін әуелі сарапшылар деңгейінде уағдаластық болуы тиіс, кейін ұсыныстар жоғары басшылыққа жеткізіледі. Орталық Азиядағы су тапшылығы мәселесі тек сындарлы диалог арқылы шешіледі, біз осыны түсінуіміз қажет, - деді Динара Зиганшина Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Оның сөзінше, өзара іс-қимылдарды пысықтау үшін барлық мүдделі елдердің басын біріктіретін алаң немесе формат қалыптастыру маңызды.
- Бұған дейін естіп жүргеніміздей, Ауғанстанның Әмудария өзенінен су алуға толық құқы бар. Ресми Кабулды бүгінге дейін қалыптасқан құқық шеңберіне тарту мәселесі де ерекше назарда. Ол үшін әуелі Орталық Азияның барлық елдері мүдделі болуы тиіс. Ең бастысы Ауғанстан үкіметінің су саласындағы келісімдерге қосылу ниетінің болуы маңызды. Бұған дейін Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясы аясында қабылданған құқықтық құжаттар бар. Егер Ауғанстан аталған комиссияның құрамына қосылса, онда бұрын қабылданған келісімдер қайта қаралуы тиіс. Бұл өз кезегінде ұзақ процесс саналады, - деп пікір білдірді Динара Зиганшина.
Өзбекстанда өткен конференцияда Орталық Азия елдерінің өкілдері Ауғанстанмен диалог орнатуға мүдделі екендерін жеткізді. Атап айтқанда, су үнемдеу технологияларын енгізуде тәжірибелерімен бөлісуге жәрдемдеспек.

- Былтыр біз 8 млрд текше метр су үнемдедік. Бұл тұрғыда Өзбекстанның тәжірибесі мол. Биыл 10 млрд текше метр үнемдеп, 2030 жылға дейін 15 млрд-қа қысқартамыз деген жоспарымыз бар. Егер 1980 жылдары Өзбекстанға 64 млрд текше метр су келген болса, қазір оның көлемі 21%-ға төмендеп, 51-52 млрд-қа кеміді. Алдағы уақытта оның көлемі тағы 40 млрд текше метрге түсуі ықтимал. Сол кезде біздің тұрғындар оны қатты сезінбеуі керек. Әрине, ол үшін ең алдымен адамдарда су үнемдеу мәдениеті қалыптасуы тиіс, - деді Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев.
Орталық Азия елдері арасында траншекаралық суларды пайдалануда кейінгі жылдары жайдары климат қалыптасты. Бұл ең алдымен мемлекет басшылары орнатқан дипломатияның жемісі. Жауапты ведомствалар болса ашық ақпарат алмасып, тіршілік нәрін пайдалануда үнемдеуге басымдық берген.

- Әр мемлекет ең алдымен өз мүддесін қорғайды. Бірақ ортақ ұстанымға келмесек, бұл істе табысқа жетпе алмаймыз. Сондықтан ұлттық мүддені қорғай отырып, баршаға қолайлы шешім табуға тырысып жатырмыз, - деді ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы Дәурен Әбен.
Еске салайық, Өзбекстан астанасында «Орталық Азиядағы су дипломатиясы: тұрақты дамуға негізделген сенім, диалог және ынтымақтастық» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Мұндай форматтағы басқосуда алғаш рет Ауғанстан делегациясы төбе көрсетті.
Сонымен қатар конференция аясында Өзбекстанның Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат беріп, Қазақстанмен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екенін мәлімдеді.