Су тасқыны — 2024: Оралда үйсіз қалған тұрғын құқығын қорғап шықты

Фото: Астана қаласының әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM — Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында Орал қаласы әкімінің әрекетіне қатысты әкімшілік іс қаралды. 

БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Орал қаласы әкімінің 2024 жылғы 26 наурыздағы № 7 шешімімен шаһар аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған. Осыған байланысты Орал қаласында зардап шеккен азаматтарға келтірілген залалды бағалау және тұрғын үймен қамтамасыз ету жөніндегі комиссиялар құрылған.

Талап қоюшы тұрғын 2014 жылдан бері Орал қаласы «Комаров» бау-бақша серіктестігіндегі саяжай үйінде маусымдық тұрғын үй ретінде тұрып келген. 2024 жылғы көктемгі су тасқыны салдарынан аталған тұрғын үй ішіндегі мүлкімен бірге толықтай жарамсыз күйге түскен.

Саяжай тұрғыны баспанамен қамтамасыз ету жөнінде Орал қаласы әкімдігіне өтініш білдіргенімен, комиссияның 2025 жылғы 11 шілдедегі № 275 хаттамалық шешімімен тұрғын үй тұрғынжай ретінде пайдаланылмаған деген уәжбен бас тартылған. Бұл шешімге жоғары тұрған органға берілген шағым да қанағаттандырылмаған.

Істі қарау барысында сот «Азаматтық қорғау туралы» заңның, Үкіметтің № 1222 және № 1358 қаулыларының нормаларын талдай отырып, талап қоюшының саяжай үйін ұзақ уақыт бойы маусымдық тұрғын үй ретінде пайдаланғанын, оның басқа тұрғын үйі болмағанын және су тасқыны салдарынан жалғыз тұрғын үйінен айырылғанын анықтады. Бұл мән-жайлар коммуналдық төлемдер, серіктестік төрағасының анықтамасы, куәгерлердің айғақтары және фотоматериалдармен расталды.

Сот жауапкердің саяжай үйі тұрақты тұру үшін пайдаланылмаған деген дәлелдерін негізсіз деп таныды.

— Нәтижесінде сот комиссияның 2025 жылғы 11 шілдедегі № 275 хаттамалық шешімін заңсыз деп танып, күшін жойды. Орал қаласының әкіміне талап қоюшының өтінішін қайта қарап, бұзылған құқықтарын қалпына келтіру және тиісті әкімшілік акт қабылдау міндеттелді. Сонымен қатар талап қоюшыға төленген мемлекеттік баж қайтарылатын болды. Сот шешімі биылғы 20 қаңтарда күшіне енді. Шешім осы күннен бастап белгіленген мерзімде орындалуы тиіс, — деп хабарлады ведомстводан.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Орал тұрғыны үйі суға кеткенде берілген пәтерді әкімдік қайтарып алмақшы болғанын жазған едік.

Сондай-ақ үйі суға кеткен тұрғынды сотқа берген БҚО әкімдігі арызын қайтып алды.